Шығыс Қазақстан облысында бопсалау дерегі бойынша күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
26 жастағы тұрғын танысынан "заң аясында туындаған мәселелерді шешіп беремін" деген сылтаумен 200 мың теңге көлемінде ақша талап еткен.
Жәбірленуші көрсетілген соманы уақытылы бере алмағандықтан, күдікті қаржы сомасын 400 мың теңгеге дейін ұлғайтып, қысым көрсетуді жалғастырған.
Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін бұл дерек бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, күдікті ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұсталған.
"Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің көлігі мен тұрғылықты жерінде тінту жүргізіліп, қаражат пен суық қару санатына жататын кастет тәркіленді. Күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, соталды тергеу жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!