ШҚО-да шенеуніктер бір еден сүрткішті екі миллион теңгеге сатып алмақ болған

ШҚО-да шенеуніктер бір еден сүрткішті екі миллион теңгеге сатып алмақ болған
Фото: Автордан

Атап айтқанда, Семей медицина университетінің Өскемендегі филиалы өкілдері бір еден сүрткішті (швабра) 1,9 млн, ал бір матрас жиынтығын 1,2 млн теңгеге сатып алмақ болғандығы анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңсыздық облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдау жұмыстары нәтижесінде анықталды.

"Нақты айтқанда, білім беру мекемесі 1,9 млн теңгеге бір еден сүрткіш (швабра) және 1,2 млн теңгеге бір матрас жиынтығын сатып алуды жоспарлаған. Алайда еден сүрткіштің орташа нарықтық бағасы 25 мың теңге, бір матрас жиынтығының бағасы 30-130 мың теңге аралығында" – делінген мәліметте.


Антикор ұсынымынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзетулер енгізіліп, шамамен үш миллион теңге қаржы үнемделді. Ол қаражат басқа тауарларды сатып алуға бағытталмақ.

"Департаменттің ұсынымдары бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сатып алуды қайта қарайды. Нәтижесінде өткен жылы 425 млн теңге, ал осы жылдың басынан бері 205 млн теңге бюджет үнемделді" – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.


Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы