ШҚО-да саудагерлер тыйым салынса да электронды темекі сатқан

ШҚО-да саудагерлер тыйым салынса да электронды темекі сатқан
Фото: polisia.kz

ШҚО-да полицейлер 550-ден астам электронды темекі тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тыйым салынған тауарлар Өскемендегі екі сауда үйінде кальян дүкендерінде жасырын сатылғаны анықталды. Бірінші дүкенді тінту кезінде жедел уәкілдер 450-ден астам электронды темекі, сондай-ақ вейптер мен Pod жүйелеріне арналған 10-нан астам сұйықтық тапқан. Екінші дүкеннен тәртіп сақшылары 115 электронды темекі тәркілеген.​

Шегілмейтін темекі өнімдерінің айналымы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Заңға сәйкес күдіктілерге 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзету жұмыстары жүргізіледі немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады не 50 тәулікке дейін қамауға алынады.​

Полиция департаменті биыл 20 маусымнан бастап Қазақстанда шегілмейтін темекі өнімдерінің, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына тыйым салынғанын және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина