- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО-да орыс қызы...
ШҚО-да орыс қызы балаларға қазақ тілін үйретіп жүр
Өңірдегі Катонқарағай ауылының тумасы Мария Колчина дәстүрлі әндерді де нақышына келтіре орындайды. Алайда мемлекеттік тілді үйренемін дегендерге сабақ беруі өзі оқып жатқан білім ордасында да әркез ізденісте жүруіне себепші, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мария 2005 жылы өмірге келген. "Шын айтсам, туғанымнан қазақша білетін сияқтымын" дегенінен бала күніндегі құрбылары мен достарының қазақтар болғанын аңғару қиынға соқпады. Катонқарағай ауданында 11-сынып аяқтаған соң С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың "Орыс тілі мен әдебиеті" мамандығына оқуға түсті. Қазір аталған білім ордасының 1-курс студенті. Бойжеткен күнінен көкейге түйгені сол, Қазақстанда туған кез келген адам қазақ тілін білуі тиіс. Олай болмаса, жұмыс табу да күрделі. Себебі, түйіндемесін қолтықтап, кеңселердің есігін қағып барса, басшылық екі тілді мамандарға сұраныс білдіреді. Қазір Мария "Кел сөйлесейік" клубында тіл үйретеді. Күнделікті жұмыс барысында қазақша сөйлеуде қиналатындар да атізін салады.
"Клуб жұмысын бастағанына көп болмады. Наурыз айынан сабақ беріп келемін. Тіл үйренуге ниетті тұрғындар О.Бөкей атындағы қалалық кітапханаға жиналады. Осындай клубтың барын университеттегі мұғалімім айтқан болатын. Содан ол жаққа барып, түйіндемемді тапсырып едім бірден жұмысқа қабылдандым", - деді кейіпкеріміз.
Сабақ ақысыз негізде аптасына бес рет өтеді. Үйірме қалалық кітапхананың бірнеше бөлімшесінде жалғасатындықтан келушілер саны әрқалай. Айталық Жібек маталар комбинатында 11, Гагарин бульвары көшесіндегі бөлімшеде 18 адам бар. Оның үшеуі балалар. Одан бөлек, Прохладный ауданы мен "Альшемали" сауда үйінде сабақ кестеге сай жалғасады. Үйірмеге қазақ балалары да келетін көрінеді. Бірақ жас мұғалім мұны олардың ата-анасы қазақшадан қаражаяу екендігімен байланыстырмады. Бір себебі, телеарналар мен интернеттегі мультфильмдердің орыс тілінде болуы. Одан бөлек, "кішкентай кездерінен қазақша сөйлеспеген", - деді Мария. Оқу мен үйірмеден тыс, өзінің қызығушылықтарына тоқталсақ, Катонқарағайдың тумасы дәстүрлі әндерді де нақышына келтіре орындайды. Мәселен, "Алтын бесік", "Жібектің елі", "Құстар қайтқанда" әндерін мектеп оқығанда шырқаған. Қазақ тағамдарынан бауырсақ пісіріп, ет асады, қуырдақ жасайды.
"Катонқарағай ауылында тусам да, балалық шағым Ақсу елдімекенінде өтті. Ол жақта орыстар аз. Сондықтан болар, ата-анамның араласатын адамдары мен достары қазақтар", - деді кейіпкеріміз.
Ендігісі Мария аман-есен оқуын аяқтап, қолына диплом алған соң мұғалім болып жұмысқа тұруды жоспарлап отыр. Әзірге көктемде жұмысын бастаған үйірмесі ойдағыдай өтіп жатыр. Әр сабағы бір сағатқа созылады. Соның жартысы теорияға негізделсе, жартысы практика түрінде жалғасады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы