- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО-да оқушылар сыз...
ШҚО-да оқушылар сыз тартқан мектепте білім алып жатыр
Зайсан ауданына қарасты Үлкен Қаратал ауылындағы мектеп 2000-шы жылдары салынған. Білім ошағының бой көтергеніне аз уақыт өтсе де, кемшіліктері шаш етектен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Зайсанға жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Ермек Көшербаев шенеуніктерден қарағайдан салынған мектепті іске жарату үшін қандай шаралар атқару керектігін сұрады. Себебі бар мәселе нысанның жертөлесінде. Сыз тартып, қабырғасы түсіп, сұрқы қашқан.
"Жер сілкінісінен соң типтік мектеп салынуы керек болатын, бірақ меже орындалмай қалды. Содан 2000-жылдары өңір әкімі болып тұрған Виталий Метте мектеп мәселесін шұғыл шешу жөнінде тапсырма берді. Апыр-топыр екі-үш айдың ішінде ағаштан салынды. Облыс бойынша мұндай бір-екі мектеп қана бар. Бір жағынан ауыл тұрғындарының саны артып келеді", - деді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.
Облыс басшысы Ермек Көшербаев Білім басқармасы өкілдеріне қай жерлерге жаңа оқу орындарының құрылысын жүргізу керектігін анықтауда тапсырды. Соған сәйкес мектептердің тізімі әзірленуі тиіс.
"Сыз тартса да балалар 20 жылдан астам уақыт оқып келеді. Иә, бір қарағанда мектеп деп ешкім айтпас. Құдды бір XIX ғасырда бой көтерген сияқты. Қарағайдан салынған мектептің жертөлесінде асхана мен спортзал орналасқан. Мұның шешімін іздеу кезінде оқушылар санына қарай жасалған дайын типтік жобалар бар екенін ескеру қажет", - деді Ермек Көшербаев.
Үлкен Қаратал ауылының тұрғындары жаңа білім ордасының негізі қаланып жатса, ескі мектеп ғимараты ауылдық клуб немесе кітапхана ретінде пайдаланылатынын атап өтті.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы