ШҚО-да облыс басшылығы атом саласының қызметкерлерін құттықтады

ШҚО-да облыс басшылығы атом саласының қызметкерлерін құттықтады

Үлбі металлургия зауытында атом саласының қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

 

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, сала мамандарын мерекелерімен құттықтап, бірқатар азаматқа аймақ басшысының Алғыс хатын табыстады.

"Бұл сала еліміз үшін стратегиялық тұрғыдан ерекше маңызға ие. Сондықтан сіздерге артылып отырған жауапкершілік өте зор. Атом саласында нағыз кәсіби мамандар жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Қуанышымызға қарай, бізде мұндай білікті маман аз емес. Сіздер күн сайынғы қажырлы еңбектеріңізбен еліміздің гүлденуіне зор үлес қосып келесіздер. Баршаңызды облыс әкімі Ермек Беделбайұлыныңатынан осынау мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер, – деген Е.Нұрғалиев артынша сала мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Бұл күні осындай марапатқа ие болғандардың ішінде «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкий де болды. Оның айтуынша, 2024 жыл атом саласы қызметкерлері үшін де айтулы болайын деп тұр.

"Өздеріңіз білесіздер, биыл, 6 қазанда республикамызда Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыхалықтық референдум өтетін болды. Біздің сала мамандары үшін бұл өте маңызды оқиға. Біз 70 жылдан астам уақыттан бері уранмен жұмыс істеп келеміз және оның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы жақсы білеміз. Өз тарапымыздан тәжірибе бөлісуге, мамандар дайындау ісіне атсалысуға дайынбыз, – деген С.Бежецкий сала мамандарының еңбегін елеп-ескерген облыс басшылығына алғысын айтты.

ШҚО ақпараттық орталығы ұсынған материал

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина