Бірнеше жыл көлемінде тапқан-таянғанын банктегі депозитке аударып жүрген тұрғын қас-қаққанша алаяқтардың құрығына түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аталған мәліметті Өскемен қалалық полиция басқармасындағылар ұсынды. Олардың ақпаратынша, жыл басталғалы 300-ге тарта интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ал оның 80%-ын облыс аумағынан тыс жерде жүрген қылмыскерлер жасапты.
"Алдап, сенімге кіру арқылы несие рәсімдеп, кейде депозиттегі бар ақшаны иемденіп алады. Одан бөлек, олар хабарласқан кезде өздерін құқық қорғау органдарынан екенін айтып сендіреді. Әлдебір туысқаныңыз қиын жағдайға тап болып, соны тығырықтан шығару үшін белгілі бір мөлшерде қаражат керектігін айтады. Бұған күдіктенсеңіз, бірден 102 арнасына хабарласқан жөн", - деген қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Орал Рысбаев жуықта ғана болған мысалды келтірді.
Жауапты тұлғаның сөзінше, мұғалімдердің бірі интернет-алаяқтың қақпанына түсіп, екі-үш минут үшін депозитте жатқан 3,5 млн теңгесінен айырылған. Бірнеше жыл жинап жүрген ақшасын танымайтын адамдарға аударып жіберіпті.
"Бұл әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Киберқылмыспен ұшырасқандар ақыр соңында суицид жасауға оқталып, материалдық тұрғыда үлкен қиындықтарға тап келеді. Тұтас отбасының шаңырағы шайқалып, балалар зардап шегеді", - деді полиция қызметкері.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!