Бүгін "Алтай Альпісі" демалыс базасында Шығыс Қазақстан облысындағы 2025-2026 жылғы қысқы туристік маусымның ресми ашылуы өтті. Оған жиналған 1200 адам қыстың басталуын мерекелік көңіл-күймен қарсы алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік органдар үшін туризм мен инфрақұрылымды дамыту әркез басым бағыт болуы тиістігін атап өткен еді. Ал Шығыс Қазақстан жыл сайын қысқы демалыс үшін ең тартымды аймақтардың қатарында.
Бүгінгі қолайлы ауа райы да туристік маусымның салтанатты ашылуын қызықты өткізуге мүмкіндік берді. Қолөнершілер жәрмеңкесін аралап, садақшылардың өнерін көрген қонақтар ұлттық тағамдардан да дәм татты. Шараның ең айшықты сәттерінің бірі – шаңғышылардың Мемлекеттік тумен жаппай сырғанауы болды.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде облыстағы қысқы туризмді ары қарай дамытудың және туристік инфрақұрылымды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, қысқы туризмді дамытуға белсенді үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен спортшылар, оның ішінде құсбегілер, Алғыс хаттармен марапатталды.


Айта кетейік, "Алтай Альпісі" – әлемдік аренада көзге түскен спортшыларды даярлайтын жер. Мұнда Олимпиада жүлдегері Юлия Галышева, халықаралық жарыстардың чемпиондары Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков сынды спортшылар жаттығады.
Бүгінде өңір Қазақстанның әр түкпірінен бөлек, Қытайдан және Ресейден келетін туристерді қабылдайды. Олар Сібе көлдерінің айдынында коньки теуіп, Риддер мен Алтайда шаңғымен сырғанап, қысқы спорт түрлерімен айналыса алады.
ШҚО әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz