Шығыс Қазақстанда көші-қон қызметі қос азаматтығы бар тағы бір адамды анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
74 жастағы зейнеткер Қазақстан және Ресей тарапынан бір жылға жуық уақыт бойы зейнетақы алып келген.
Заң бұзушыны Алтай ауданының тәртіп сақшылары анықтаған.
"74 жастағы тұрғын Красноярск өлкесінде Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын ресімдеген. Алайда бұл туралы ішкі істер органдарына хабарламай, бір жылға жуық екі елден зейнетақы алған. Қазақстанның құжаттарын пайдаланғаны үшін шетел азаматына Алтай ауданының соты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлігіне сәйкес 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның құжаттары алынып, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру тіркелді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, ШҚО-да жыл басынан бері қос азаматтықпен 75 адам ұсталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!