- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО-да көпбалалы...
ШҚО-да көпбалалы отбасылар баспаналарының сапасына наразы
Шығыс Қазақстанда көпбалалы аналар наразылық танытуда. Ұлан ауданыныың Таврия ауылында баспана кілтін алған тұрғындардың кейбірі қазір басқа үй іздеудің қамына кіріскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауылда 3000-ға жуық тұрғын бар. Осы ауылдың орталығында бой көтерген төрт үйге қарап, кілтипаны көп деп айту қиын. Бірақ үйдің босағасынан аттай бере, мердігер ұйымның құрылыстағы кемшін тұстары анық байқалады.
Аудандық прокуратураға талай жүгінген Еркежан Ерназқызы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша қолға алынған құрылысқа қатысты көп сауал жолдағанын айтты. Құзырлы орган өкілдері «Тұрғындар өміріне қауіп жоқ болғандықтан сұрақтарыңызға жауап бере алмаймыз» депті.
Ең алдымен 10 секциялы батарея бөлмелерді жылытпайды. Былтыр ауладағы қар еріп, үйлерінің астынан арық болып аққан көрінеді. Осы кемшіліктерді аудан әкімдігіндегілерге айтқан екен, олар құр сөзбен қуырдақ қуырып шығарып салыпты.
Бес баланың анасы Арай Мусинаның сөзінше, пештің іші тар етіп салынғандықтан қыс бойы отын-көмірді бөліп-бөліп салуға мәжбүр болды. Әйтпесе үйлердің іші тарсылдап, жарылыс болып жатқандай естіледі дейді.
"Әрі қарай тұрамын ба, жоқ па – жазда белгілі болады. Басында Қасым Қайсенов кентінде айына 100 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрдық. Оған қарағанда бұл көрім. Әйткенмен үй берерде сапасын тексеріп те үлгермедік. Қасым Қайсенов кентінен үш күнде апыл-ғұпыл көшіп келдік", – деді ол.
Тұрғындар сөзінше, үйдегі есіктің жақтаулары ашылып кеткен. Арай Мусина кәріз жүйесін ыңғайлы етіп жөндеп, төбені жылылап берсе деп үміттеніп жүр. Терезенің резеңкелері аязға шыдас бермей жарылып кеткен.
Жеті баланың анасы Галина Юсупованың айтуынша, жапсарлас орналасқан екінші үй тұрғындарының айтқан сөздері анық естіліп тұрады. Қабырғалары тым жұқа.
"Электр желісі нашар. Плита мен шәйнекті бір уақытта қоссам, тоқтан ақау шығады. Бір рет жарық сөнгенде үйдің іші тарсылдап, жарылыс болғандай қатты шошыдық. Қыстай 10 тоннадан астам көмір жағылды. Үйді үш айда салып тастады – деді көпбалалы ана.
Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сенсек, баспана кілті 2021 жылдың желтоқсан айында берілген. Құрылысқа кеткен уақыт – алты ай. Жұмысты "Исабаева Д.С" атты жеке кәсіпкер жүргізген.
"2021 жылы бір шаршы метрдің бағасы 140 мың теңге, ал үйлердің ауданы 85 шаршы метрді құрады. Барлық кемшіліктер тез арада реттеледі», – деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Руслан Қисембинов.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы