ШҚО-да “Қолжетімді интернет“ ұлттық жобасы жақын арада нақты нәтижесімен қуантпақ

Шығыс Қазақстан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмысы биыл ерекше қарқын алды. Өңірде байланыссыз отырған "ақтаңдақ" аумақтарды толық жою және ең шалғай ауылдарды интернетке қосу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдік отырысында "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. 

Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Сапарғалиевтің айтуынша, соңғы төрт жылда Шығыс Қазақстан қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты айтарлықтай қысқартты. Ауылдарды желіге қосу динамикасы жыл сайын тұрақты өсім көрсетуде. Мәселен, 2022 жылы 17 ауыл интернетке қосылса, 2023 жылы – 20, 2024 жылы – 45, ал 2025 жылғы 20 қарашаға дейін тағы 28 ауыл ғаламтордың мүмкіндігін кеңінен пайдалануда. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында интернет сапасын арттыру мен халықтың цифрлық қолжетімділігін қамтамасыз ету күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі екенін ерекше атап өткен болатын. Жыл соңына дейін облыс аумағындағы тағы 27 ауылды қосу жоспарланып отыр. Осылайша, биыл интернетке қосылған елді мекендер саны 291-ге жетіп, өңір халқының шамамен 99 пайызы тұрақты желімен қамтылады", – деді Арнұр Сапарғалиев. 

Қалған 66 елді мекен күрделі таулы және шекаралық аймақтарда, яғни, Катонқарағай, Күршім, Марқакөл өңірлерінде орналасқан. Бұл аумақтарды интернетпен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен 2027 жылға дейін жоспарланған. Мәслихаттардың шешімімен бес шағын елді мекен таратылғаннан кейін қажеттілік 61 ауылға дейін қысқарды. Қазір осы бағытта жобалық-сметалық зерттеулер мен техникалық тексерулер жүргізілуде. 

Бүгінде облыстағы 357 елді мекеннің 246-сы интернетке қол жеткізді. Бұл – өңір халқының 97,2 пайызы немесе 707 мың адам. 

"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында "Қазақтелекоммен" АҚ ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандарға жоғары жылдамдықты интернет тарту бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. ШҚО бойынша 186 әлеуметтік маңыздағы нысанды қосу қарастырылған. Қазір оператор трассаларды анықтау үшін мониторинг жүргізіп, кешенді жұмыстарды сатып алу процесін бастап кетті", – деді басқарма басшысының м.а. 

Облыс орталығындағы тұрғын үйлерге оптикалық кабель тарту жұмыстары да қарқынды. 5G желісі – Өскеменде 36 базалық станция жұмыс істейді, 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 62-ге жетпек. Қаладағы "ақтаңдақтарды" жою үшін арнайы тіректер орнату мәселесі қарастырылып жатыр. 

Автожол бойын цифрландыру үшін 22 антенна-мачталық құрылғы салу жоспарланған. 

Жобалардың қазіргі мәртебесін айқындап өтсек. Бүгінде 18 жобалық-сметалық құжаттама оң сараптамадан өткен, 2 АМС сараптамада, тағы 2 аудан құжаттарды толықтыру үстінде. Сонымен қатар, қосылу басымдықтарын айқындайтын цифрлық карта жаңартылуда. 

Өңірде OneWeb терминалдары орнатылып жатыр. 30 жиынтықтың 11-і іске қосылып, секундына 50 Мбит-ке дейін жылдамдық беретін, радиусы 100 метрге дейінгі тегін Wi-Fi аймақтарын жасап отыр. 

Интернетке қосылған шалғай ауылдар – Северное, Богатырёво, Шүршітсу, Поперечное, Қайнар, Қыстау-Күршім, Күнгей-Бөкебай, Рахман қайнары, Сенное, Манат. 

"Енді ең шалғай елді мекендерге Starlink технологиясын енгізу мәселесі қаралуда. Әсіресе, Катонқарағай және Күршім аудандарының туристік локацияларында үлкен сұраныс бар", – деді Арнұр Сапарғалиев. 

2023–2024 жылдары бюджет есебінен 14 АМС орнатылды, олар 16 елді мекенді қосуға арналған. Алайда кейбірі әлі іске қосылған жоқ. Басты себеп – нысандарды мемлекеттік реестрге енгізу ісінің ұзаққа созылуы, ал реестрсіз операторлар жалға алу келісімдерін жасай алмайды. Байланыс операторлары анықтаған техникалық кемшіліктер тағы бар. 

Қазіргі жағдайды сараласақ, 3 АМС толық қосылған, Тарбағатай ауданындағы 1 АМС Жанаауылды қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым кеңейтуді күтіп отыр, ал 7 АМС қосылу сатысында, 3 АМС – реестрге тіркеу кезеңінде тұр, 4 АМС – құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 

Реестрге енгізілген 7 АМС бойынша операторлар желтоқсанның алғашқы онкүндігінде қосу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр. 

Отырыс барысында Нұрымбет Сақтанов ауылдық округтерді интернетпен қамтамасыз етуде қандай мәселелер туындап отырғанын, олардың себептері мен шешу жолдарын нақтылап, операторлармен жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті. 

"Цифрландыру басқармасы операторлармен және аудандық әкімдіктермен бірге шалғай және туристік аймақтарға қосымша терминалдар орнату мәселесін пысықтасын", – деді өңір басшысы. 

Шығыс Қазақстан өңірі интернетпен қамтудың соңғы кезеңіне жақындап келеді. Дегенмен, АМС инфрақұрылымын қосу, реестрлеу, таулы аумақтардағы техникалық шектеулер сияқты жүйелі мәселелер кешенді шешімді талап етеді. Ал спутниктік технологиялар мен 5G желісінің кеңеюі облысқа нүктелі қамтудан толыққанды цифрлық экожүйеге өтудің мүмкіндігін беріп отыр. Енді өңірдің ең шеткі нүктелері де бірыңғай интернет кеңістігіне қосылмақ. 

 ШҚО әкімдігі ұсынған материал