- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО-да қоғам белсенділері...
ШҚО-да қоғам белсенділері миллиард теңгеге салынып жатқан жолдың сапасына күмәнмен қарап отыр
Өскемен мен Самар ауданы аралығында жөнделіп жатқан жол екі бөлікке бөлінген. Ұзындығы бірдей болса да, біріне бөлінген сома екіншісінен 58 млн теңгеге артық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, жолды жөндеуге бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Тапсырыс беруші – облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Қазір 15-30 және 30-45 шақырымында орташа жөндеу жүріп жатыр. "Әділдік жолы" РҚБ ШҚО филиалының басшысы Әділ Пшеновтің сөзінше, бірінші жол бөлігіне 529 млн 958 мың 665 теңге бөлініп, соның 410 млн 988 мың 510 теңгесі игерілді. Екінші бөлікке деген 588 млн 308 мың 210 теңгенің 428 млн 624 мың 040 теңгесі тиісті мақсатқа жұмсалған.
"Сонда жалпы сомасы 1 млрд 118 млн 266 мың 875 теңге бөлінді. Менің ойымша, мониторинг құжаттарына зер салу кезінде кейбір дүниелер шынымен қызық. Айталық, екі жағдайда да жолдың ұзындығы бірдей. 2022 жылы шілде айының 13-і күнгі ведомстволық қорытынды мен 15-30 шақырымдағы келісімшартқа сәйкес 529 млн 988 мың 665 теңге бөлінді. Бұл ақшаға жол төсеніші, битум құю, асфальттың тайғанақ болмауы, жиегін бекіту, тегістеу кіреді. Екінші жағдайда 16.09.22 жылғы келісімшарт пен қорытындыға сәйкес 58 млн 349 мың 545 теңгеге артық сома бөлінді. Ал жұмысқа келсек, битум құю, тегістелетін қабат пен беткі бөлігін орналастыру ғана деп көрсетілген", – деді ол.
Қаржы көп бөлінсе де, атқарылатын жұмыстың аздығына күмәнмен қарады. Жауапты тұлғаның сөзінше, жол жөндеу әлі аяқталмады. Қызу тірлік Ұлан ауданына қарасты Сағыр ауылы маңындағы учаскеде жалғасып жатыр. Дегенмен 30 шақырым жерде жол жиегі бекітілмеген. Көліктер болса екі жақтан заулап, асфальт сапасына кері әсерін тигізуде. Әділ Пшеновтің ойынша, техникалық бақылау жоқ. Ал құрылыс нормасы мен ережесіне сәйкес жол жиегі міндетті түрде бекітілуі тиіс.
ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығының мәліметінше, "Өскемен-Тарғын-Самар" бағытындағы облыстық маңызы бар автожолды жөндеу түрлі кезеңге жоспарланды.
"Нысандардағы жұмыс әртүрлі және құрылыс материалдарын жеткізу қашықтығы да бөлек. Мәселен, 15-30 шақырым учаскесіне 134 шаршы метрге жол жабыны мен шұңқырларды тегістеу мен 12,7 мың шаршы метр жол жабынын орнату кіреді. Ал 30-45 шақырымда жол жабыны жоқ, 12,6 мың шаршы метр аумаққа жол төсеніші орнатылды. Жобаның техникалық құжаттамасы жол активтері сапасының Ұлттық орталығында ведомстволық сараптамадан өткен. Аталған учаскеде жұмыс жалғасып жатыр, қолданысқа берілмеді", – деді аталған басқарма өкілі Нұрбек Тұраров.
Одан бөлек, қоғам белсенділері бұл жерде бір гәп барын, прокуратура өкілдері өз бақылауларына алу керегін атап өтті.
Асыл Бигелді
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы