ШҚО-да жол тазалау кезінде жұмысшы қаза тапты

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Северное ауылында "ҚАЖсервис" ЖШС-нің облыстық филиалының жүргізушісі қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ҚазАвтоЖол" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай тасжолды қардан тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін, арнайы жол техникасына қызмет көрсету кезінде болған. Оқиға салдарынан қызметкер ауыр жарақат алған. Жедел жәрдем дер кезінде шақырылып, қажет шаралар қабылданғанымен, оны құтқарып қалу мүмкін болмады.

Марқұм жұмыс істеген жол пайдалану учаскесі №30 республикалық маңызы бар Өскемен – Алтай – Рахман қайнары автожолының ең күрделі учаскелерінің біріне қызмет көрсетеді. Бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл бағытта қозғалыс шектелген, жағдай тұрақталған соң жол қайта ашылған.

"Оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталды. Арнайы комиссия құрылып, жағдайдың мән-жайы мен себептері жан-жақты қарастырылып жатыр. Оқиға орнында құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдарға, оның ішінде еңбек инспекциясына жолданды", – деп мәлімдеді "ҚазАвтоЖол".

Компания қаза тапқан азаматтың отбасына қажет көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, марқұмның жол саласында 25 жылдан аса еңбек еткені хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!