Шығыс Қазақстан облысында жіксіз болат құбыр шығаратын зауыт салу жоспарланды. Қытайдың озық технологиялары бойынша жасалатын құбырлар өңірдің жылыту жүйесін қайта құру кезінде қолданылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласында VIII Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесінің шымылдығы түрілді. Бұл ауқымды іс-шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев бастаған Шығыс Қазақстанның делегациясы да қатысып жатыр. Халықаралық көрме аясында ірі қытайлық компаниялардың өкілдерімен іскерлік келіссөздер жүргізілді.
Кездесулердің бірінде Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Shandong Yougan Haoyu Pipe Manufacturing компаниясының өкілдерімен құбыр шығаратын зауыт жобасын іске асыруды талқылады.
Қытайлық кәсіпорын көміртекті және легирленген болаттан жасалған жіксіз құбырларды өндіруге маманданған. Мұның ішінде мұнай мен газды игеруге арналған мұнай құбырлары, электр станцияларына арналған қазандық құбырлары, құрылыс техникасының құбырлары және басқа да өнеркәсіптік құбырлар бар. Шамамен, жылына 300 мың тонна өнім шығарады.
Дәл осындай зауыт Өскеменде салынатын болса, көршілес елдегі кәсіпорынның тәжірибесі, сөзсіз, пайдалы болмақ. Зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне шамамен 70-110 тонна болады деп жобаланған. Қытайлық компания жобаға сегіз миллион АҚШ долларына дейін инвестиция салуға дайын.
– Ең алдымен өңірдің қажеттілігін қамтамасыз ететін зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ғана өнімді ел аумағына таратып, болашақта экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді облыстық кәсіпкерлік және инновациялық-индустриялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев.
Қытайлық компания өкілдері жобаны егжей-тегжейлі талқылау үшін келер айда Шығыс өңіріне келеді.
ШҚО ақпараттық орталығы ұсынған материал
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!