ШҚО-да есірткі сататын интернет-дүкен анықталды

ШҚО-да есірткі сататын интернет-дүкен анықталды
Фото: polisia.kz

ШҚО-да полицейлер есірткі сататын интернет-дүкенді жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасымен бірлесіп, Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғынын ұстады.

Ол өзі өсірген марихуана мен гашишті сату үшін танымал мессенджерлердің бірінде веб-сайт пен парақша құрған.

Есірткі сатылымын жасырын орындар арқылы жүзеге асырып отырған. Төлемді алғаннан кейін күдікті тауарды алдын ала келісілген орындарға қалдырған.

Оның жер үйін тінту барысында полицейлер есірткінің әртүрлі түрлерін өсіруге арналған зертхананы анықтады. Жедел уәкілдер қара нарықта құны 20 миллион теңгеден асатын 1 келіден астам есірткі тәркіледі.

Сондай-ақ полицейлер оның заңсыз әрекеттерге қатысы барын дәлелдейтін таразылар, орайтын материалдар мен электронды құрылғыларды тапты. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жыл басынан бері шығысқазақстандық полицейлер өңірге есірткі тасымалдайтын 6 ірі арнаның жолын кесіп, 6 есірткі зертханасын таратып, айналымнан 250 келіден астам есірткіні, оның ішінде 6 келіден астам синтетикалық заттарды тәркілегенін айта кету керек.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина