Шығыс Қазақстан облысында омартада жұмыс істеп жатқан 58 жастағы ер адамға аю шабуыл жасаған. Оқиға шілденің аяғында Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы маңындағы демалыс базасының жанында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, жыртқыш ер адамға кенет тап берген. Қасында болған екі адам оған аюдан қорғануға көмектескен, содан кейін аң қашып кеткен.
Зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылды. Ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде болып, кейін травматология бөліміне ауыстырылған.
Риддер қалалық ауруханасы өкілдері ер адамның басы, қолы мен аяғында көптеген жарақат болғанын, сондай-ақ, қолы мен аяғының сүйектері ығысып, сынғанын мәлімдеді.
19 тамызда ер адам ауруханадан шығарылған. Қазір ол үйінде ем қабылдап жатыр.
Мамандардың сөзінше, биыл өңірде аюлардың адамдарға жақындау дерегі жиілеп кеткен.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова