Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндіргендер сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМА мәліметінше, Өскемен қаласында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылған.
Олар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтынды заңсыз өндіру схемасын ұйымдастырған. Осы мақсатта өздеріне бағынышты EastGoldStone ЖШС-ны пайдаланған. Бұл серіктестіктің қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болған. Алтын ауыр техниканың - экскаваторлар, тиегіштер, сондай-ақ, жуу жабдығының көмегімен өндірілген.
Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан, оның құны 844 млн теңгеден жоғары. Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 келі алтын, 579 грамм күміс тәркіленген. Қылмыстық әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жер аумағы - 18,2 гектар.
Сонымен қатар, заңсыз әрекет барысында мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылған. Экологиялық залалды жоюға қажет жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асады.
Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ, 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!