- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО-да денесінің көп...
ШҚО-да денесінің көп бөлігін күйік шалған әйел аман-есен босанды
Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер денесінің көп бөлігін күйік шалған 20 жастағы жүкті әйелді құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Диана Долгова жүктіліктің 25-ші аптасында жүргенде, денесінің 70 пайызын күйік шалған. Ол Бородино ауылынан Алтайдағы ауданаралық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Науқастың басын, мойнын, кеудесін және аяқ-қолын бірінші, екінші және үшінші дәрежедегі күйік шалғаны анықталды.
Дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр деп бағалады. Облыстық орталық мамандарының консилиумынан кейін тікұшақ жіберуге шешім қабылданды.
Ауданға құрамында облыстың бас реаниматологы Галина Семенова, фельдшер Назым Бейсенбаева бар бригада ұшып жетті. Зардап шеккен әйел Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медицина орталығына жеткізілді. ШҚО тұрғыны дәрігерлердің көмегінен кейін салмағы 2,2 келі, бойы 50 см дені сау баланы дүниеге әкелді.
"Біздің дәрігерлер - әлемдегі ең үздік мамандар. Қызым екеумізді аман алып қалу үшін мүмкін еместі жасады. Алда әлі ұзақ реабилитация күтіп тұр, бірақ ең қорқыныштысы артта қалды", - деді жас ана.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова