ШҚО полицейлері кісі өліміне қатысты былтыр жасалған қылмыстың бетін ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен Ұлан ауданы тұрғыны қайтыс болғанын анықтады. Былтыр 16 тамызда жергілікті тұрғын Үлбі полиция бөлімінің кезекші бөліміне өзінің 47 жастағы әпкесі үйден шығып кетіп, қазірге дейін оралмағанын хабарлаған. Полицейлер оның Ұлан ауданында тұрып, жұмыс істегенін және үш баланың анасы екенін анықтаған.
Полицейлер бұл деректі тіркеп, дереу жоғалған адамды іздеуге кіріскен. Бес айдан аса уақыт бойы ШҚО полицейлері 47 жастағы жоғалған адамды үздіксіз іздестірген. Барлық полиция бөлімшесіне жоғалған тұлғаның белгілерімен бағдарлар жолданған. 3 қаңтарда Ұлан АПБ-ға жеке үй ауласында әйел адамның сөмкесі табылғаны туралы және ішінде жоғалған әйелдің жеке куәлігі бар деген жедел ақпарат түскен. Полиция қызметкерлері келіп, аймақты қарап, қазу барысында іздестіріліп жатқан әйел адамның мәйітін тапқан. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ұлан ауданы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні ұстаған.
Ол қылмысын мойындаған. Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша соталды тергеу басталған. Ұсталған адамға қатысты сот күзетпен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!