ШҚО-да браконьер 13 миллион теңгенің жануарларын атып өлтірген

ШҚО-да браконьер 13 миллион теңгенің жануарларын атып өлтірген
Фото: Polisia.kz

ШҚО-да браконьер 13 миллион теңгенің жануарларын атып өлтірген, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомство мәліметінше, ШҚО-да жыл басынан бері жабайы аңдарды заңсыз аулауға қатысты 11 дерек анықталған.

Polisia.kz

Аягөз ауданы Тарбағатай ауылдық округінің аумағында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері "ОХОТЗОПРОМ" инспекторларымен бірлесіп, тексеріс шараларын өткізген кезде арқар мен күзендерді заңсыз аулаған Аққожа ауылының 38 жастағы тұрғынын ұстаған.

"Ол Ақшоқы ауылының шетінде тегіс ұңғылы тіркелмеген 28 калибрлі қаруымен жануарларды атып өлтірген. Қоршаған ортаға келтірілген залал 13 миллион теңгеден асты", - делінген хабарламада.

Polisia.kz

Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігі (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ, ірі залал келтіре отырып пайдалануға тыйым салу енгізілген жануарларға қатысты заңсыз аң аулау) қылмыстық іс қозғалған. Ведомство мәліметінше, бұл баптың санкциясы бойынша 6 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 3-тен 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген; сонымен қатар, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Ж. Қадыржанова