Өңірдегі Көкжыра ауылына кіреберіс үш шақырым жолдың талайдан бері тозығы жетіп тұр. Самар ауданына қарасты елдімекен жұрты әкімдіктен күдер үзген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауыл тұрғындарын қоспағанда, келімді-кетімді көлік жүргізушілері осыны талай рет айтып, елді мекенге кіруге именетін. Мұндағы халық саны 700-ден аспайды. Әр жылдан үміт күте шаршаған тұрғындар жуықта жолдың 100-ден астам шұрқ тесігін өздері бітеп, тегістеп қойды.
Бірінші күні 20, ертеңінде 10 адам аптапқа қарамай, елді мекен үшін маңызы зор жұмысқа білек сыбана кірісті. Азаматтардан бастап, оқушылар да қалыс қалмады. Тұрғындар Мұхит Токов пен Әсет Есенов битум қайнатып, өзге ауылдастар сағат 6:00 шамасында келді.
"Қазір Көкжырада тұрмаса да, ауылы үшін алаңдап жүретін ағайындар да белсенді. Елдімекен тумалары ортақ қорға ақша жинап, аз уақытта жұмысқа қажет соманы шығара білді. Үшінші күні 40 адам жиналып, қызу тірлік үздіксіз жалғасты. Адам саны азайып кетпес үшін түскі асты жолда ішіп, уақыт үнемдедік. Назира Қоқашбаева апайымыз суық көжесін дайындады. Дүкен қожайындары мен әрлі-берлі өткен тұрғындар сусын әкеліп, қолдауын аямады. Шаруа қожалықтарына да мың алғыс", - деді Мұхит Қасымұлы.
Құлынжон ауылдық округінің әкімі Расул Серікқазыұлының сөзінше, аталған үш шақырым кіреберіс жолға орташа жөндеу келесі жылдың жоспарында тұр. Әйтсе де, жамалған сайын ойдым-шұңқыры көбейген учаске тағы бір жыл күтуге мүмкіндік бермеді.
"Жол тегістейтін каток, битум, асфальт жағы шешілген соң жұмыс бірнеше күнде аяқталды. Халықпен алдын ала кеңесіп, керек-жарағын пысықтап алдық. Биылша ауыл азаматтарының қаражатына ауқымды жұмыстың шеті шықты. Бұдан бөлек, үкіметтен 25 млн теңге бөлініп, ол ақшаға Көкжырадағы клуб мәселесін шешу жоспарланған", - деді округ басшысы.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!