Өңірдегі Первомайский ауылында дәрі-дәрмек сатып алуда жол машақатын тартып жүргендердің көбі зейнеткерлер, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындар жарты жылдан бері жергілікті емханада фармацевтикалық дүңгіршек ашылу үшін қолдан келген шараларын жасап бағуда. Көпшілік сөзінше, кепілдендірілген әлеуметтік медициналық көмек көлемі аясында елдімекенге әлеуметтік дәрілерді тым сирек әкеледі.
Кейбірі сырқаты дендеп кеткен соң аудан орталығы Шемонаихаға көлік тауып барып, молынан алып келуге тырысады. Ол жаққа дейін 60 шақырым. Алайда барғандарына орай керек дәрі-дәрмектің болмай қалатын кездері де аз емес.
"Барлығы Шемонаихаға баруға мәжбүр. Кейбірі алғалы тұрған заты бұйырмай кете ме деп дау шығарып, төбелесіп те алған. Әр ауылдан жеткен тұрғындар таңертең сағат 7-8-дер шамасында келіп күтіп тұрады. Ал дәріхана кейде түс ауа бір-ақ ашылады", - деді ауыл тұрғыны Екатерина Видерман.
Анықталғандай, Денсаулық сақтау министрлігіндегілер Шығыстағы шағын елдімекенде дәрі-дәрмек тапшылығынан хабардар. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, Первомайский ауылында мамыр айының ортасына дейін дәріхана ашу жоспарланған.
"Дәріханалық дүңгіршек мамырдың 10-на дейін жұмысын бастап кетеді. Жасы келген науқастарға ыңғайлы болу үшін фармацевт апта сайын үйлерді аралап тұрады", - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Мақашева.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!