ШҚО-да ауыл тұрғындары алтын өндіретін зауыттың салынуына қарсы

ШҚО-да ауыл тұрғындары алтын өндіретін зауыттың салынуына қарсы

Жуықта Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылында қоғамдық тыңдау өтіп, жергілікті жұрт пен зауыт салуға ниетті мекеме өкілдері осыны жан-жақты талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құрылысты бастауға дайын "Каскад-Н" ЖШС өкілдері халық рұқсатын берсе, бір жылда салып, жергілікті жастарды жұмысқа тартамыз деп сендірді. Айтуларынша, Құлынжон, Көкжыра, Көкжота ауылдарының тұрғындары үрейленіп отырған цианидті тек зауыт ішінде қолданбақ.

"Ай сайын Самар ауданына 100 млн теңге салық төлеп отырамыз. Мекемеміз Самар ауылында тіркелген. Құрылыс барысында жол бұзылып, басқа да кедергілер шықса, уақтылы реттеліп отырады. Сонымен қатар, 20 млн теңгедей көлемде басқа да салық түрлерін аударамыз, – деді «Каскад-Н» ЖШС басшысы Сержан Хасенов.

Құлынжон ауылдық округінің тұрғындары салықтан бұрын, оның халыққа тигізер зардабынан қорқып отыр. Жобаға сәйкес, руда тиелген көліктер Көкжыра ауылының дәл іргесімен жүреді. Одан асып, сол елдімекен азаматтарына тиесілі шабындық жанымен өтеді. Мұндағы жұрт шөп күйіп, бірте-бірте топырақ құрамы бұзылатындығына күмән келтірмейді. Оған қоса, шаң көтеріліп, желмен ауылға сіңуі ғажап емес. Самардың ары жағында кен қазылып жатқан аумақ мен Құлынжон маңынан таңдалған жердің аралығы – 40 шақырым. Көкжыра ауылының тұрғыны Ербол Рсаков техникаларға тиелген заттардан бөлінетін қалдықтар өрістегі малдың да түбіне жететіндігін айтты. Сержан Хасеновтің сөзінше, жоспарға сәйкес жұмыс күнінің бір ауысымында 20 техника тоқтаусыз қатынамақ. Жобаға көз жүгіртсек, атмосфераны негізгі ластаушы заттар – ацетон, уайт спирит ерітіндісі, ксилол, бейорганикалық шаң, сольвент және керосин.

Округ тұрғындары серіктестік басшысынан дәл сол жерді таңдауда кімдер кеңес бергенін сұрады. Сержан Оралханұлының айтуынша, бұған Самар ауылындағы бірнеше тұрғынның қатысы бар.

"Бастапқыда Самар ауылының маңы қарастырылған еді, бірақ сондағы халық қарсы болды. Кейінірек тиісті қоғамдық кеңес құрылған соң қолайлы аумақ іздестіріле бастады. Экология департаменті өкілдерінен бөлек, Александр Федосов, Ержан Дюсупов және Нұртас Есенов осы учаске ешкімнің қолданысында еместігін айтты. Сол алқапта фабрика салуға болады деді. Өзім бұл жақтың тумасы емеспін, жер жадысын толық білмеймін", – деді "Каскад-Н" басшысы.

Тұрғындар көп адамның мүддесінен үш адамның ойы басым түскендігіне қапаланды. Қоғамдық тыңдауға Александр Федосов пен Ержан Дюсупов келмеді, тек Нұртас Есенов қатысты. Соңғысының сөзінше, жиында халық пікірі ескеріледі, олар не айтса, солай болады. Дегенмен ол сөзін фабриканы жобалаушылар да, Самар ауданының әкімі де жоққа шығарды. Ауылдық округ халқы мұның бәрі келер ұрпаққа кесел болады деп дүркін-дүркін айтты. Тіпті, Құлынжон елдімекенінің кей тұрғыны «көптің уәжі ескерілмесе, еріксіз көшуге бармыз» десті. Ал осы фабриканы жобалаушы Дәулет Асанов құрылыс басталса, төңіректегі өсімдік те, жануар да зардап шекпейтінін алға тартты.

Айта кетейік, фабрика салынатын жер деп Құлынжон ауылынан небәрі 5,1 шақырым жердегі учаске таңдалды. Дәл жанында қорық, техникалар жүретін жолда көл бар. Әріректе Ертіс өзені ағып жатыр.

Ауылдастар Үкімет басындағыларға хат дайындап, әрекеттің алдын алуға талпынуда. Сержан Хасеновтің сөзінше, түбінде тұрғындарға қолайлы шешім қабылданады. Жоба құны – 8,5 млрд теңге. Мекеме фабрика салуға дайындықты бастап кетті.

Асыл Бигелді

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz