ШҚО-да аудан тұрғындары ірі қараның қырылып жатқанына алаңдаулы

ШҚО-да аудан тұрғындары ірі қараның қырылып жатқанына алаңдаулы
Фото: osa_news_vko

Өңірдегі Ұлан ауданы аумағында мамыр туа мал қырылуы жиілеген. Куәгерлердің сөзінше, әр жерде жатқан өлекселерді тезірек көміп, өртемесе, түрлі аурулар тарауы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірдегі Ұлан ауданы аумағында мамыр туа мал қырылуы жиілеген. Куәгерлердің сөзінше, әр жерде жатқан өлекселерді тезірек көміп, өртемесе, түрлі аурулар тарауы мүмкін.

Жауапты тұлғалар мұның себебін қыстың ұзаққа созылуымен байланыстырды. Алайда куәгерлер ірі қарадан бөлек, жылқының да теңкиіп жатқандарын көріп, әлдебір ауру себеп болуы ықтимал деп болжады.

"Әр жердегі өлекселер бірнеше күн бұрын байқалды. Сәуір айында мұндай болмаған. Әзірге ақ-қарасы анықталмаса да, бұған мал ауруы себепші. Осылай жасырып отырғанша, жылдамырақ анық-қанығын зерттеу керек", – деді Светлана Романова есімді облыс тұрғыны.


Ұландықтар туристер жазда көптеп баратын Сібе көлдері маңында көргендерін айтты. Одан бөлек, Алғабастан Ізғұтты Айтықов ауылына дейінгі аралықта өлген мал көзге түскен.


"Қаладан 40 шақырымдай жердегі Ақ бауыр үңгіріне қарама-қарсы жақта жылқының өлекселері жатыр. Өзенге жақын жер. Сырт көзге көтерем малға ұқсамайды. Ашық аспан астында құрттап, қараусыз жатуы түрлі аурулардың тарауына әкеліп жүрмесе екен", – деді Самат Қайырханов есімді тұрғын.


Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдері биыл қар қалың жауып, көп жылқы тебінде жүрді деген ақпарат ұсынды. Ал аудан аумағының әр жеріндегі өлген малды жинауға оның иесі жауапты. Одан бөлек, мал азығының жетіспеушілігі де жағдайды қиындатқан көрінеді. Аудан әкімдігінің мәліметі осымен үндес. Әйткенмен бүгінге дейін жұтаған қанша ірі қара мен жылқыны жинап үлгергендері туралы ақпармен бөліспеді.

"Қыс қатты болуы себепті бірнеше шаруашылықта осындай жағдай тіркелді. Қар қалың, күн райы қолайсыз кезде өлген мал ауылдардан алшақ апарылды. Қазір "Ұлан Вет" мекемесі тарапынан қырылған жануарларды жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген мәліметте.


Асыл Бигелді (Фотосурет  парақшасынан)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы