Биыл Factcheck.kz редакциясы Алматы әкімдігінің әлемжеліде әкім Ерболат Досаев туралы жазылған сынға мониторинг жасау үшін 260 миллион теңгені қалай жұмсамақ болғанын жазған.
Бұл жолы мемлекеттік сатып-алым порталын қарап отырып, Шығыс Қазақстан облысы аудан әкімдігі де жариялаған осындай тендерге тап болдық. Бұл қызық, өйткені жергілікті билік тек жағымсыз жағын бақылап қана қоймай, "оны жағымды пікірмен теңестіргісі келеді", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
22 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық ішкі саясат бөлімі "Әлеуметтік желіде жұмыс істеу алгоритмі бойынша қызметтерді" сатып алу туралы хабарландыру жариялап, оған 3 192 857 теңге бөлген. Жеңімпаз ретінде "ДАНТЕС" ЖК таңдалды. Тендер ашық конкурссыз, бірақ өтпеген мемлекеттік сатып-алым бойынша бір көзден алу тәсілімен өткізілді. Яғни жеткізуші тікелей таңдалды.
Техникалық ерекшелікте сатып-алымның негізгі мақсаты - әлеуметтік желіде діни экстремизм мен "мемлекеттің тұтастығын бұзуды насихаттайтын" бейнероликтердің алдын алу деп көрсетілген. Мұндай пропагандаға не кіретіні көрсетілмеген. Алайда сипаттамадан ары қарай, тендердің басым бөлігі әлеуметтік желідегі шенеуніктердің жұмысы туралы жағымсыз пікірлермен жұмыс істеуге арналған.
Осылайша, тапсырыс беруші жағымсыз пікірлерді және жергілікті атқарушы органдар туралы теріс пікірді тарататын пайдаланушыларды анықтау үшін әлеуметтік желіге күнделікті мониторинг жүргізуді талап етеді. Тендер сипаттамасында бұл өңірдегі проблемаларды анықтап, оларды жедел шешу үшін қажет екені айтылған. Дегенмен тапсырыс беруші жағымсыз жағдайды бақылаумен қатар, түсініктеме жұмыстарын жүргізу арқылы саяси жағдайға байланысты қоғамдық пікірді қалыптастырғысы келеді.
Ол үшін мемлекеттік орган жағымсыз жарияланымдарға түсініктеме беретін белсенді пайдаланушылар тобын (кем дегенде бес аккаунт) ашқысы келеді. Тендер авторлары: сын туындаған кезде "екi сағаттың iшiнде сол аккаунтпен пікір (әкiмдiктiң нұсқасын) жариялау", "қоғамдағы негатив пен позитивті теңестiрудi", сондай-ақ тепе-теңдiкті сақтау үшін жағымды жаңалықтар лентасын шығаруды көздеп отыр.
Тендер авторлары "теріс пен оңды теңестіру" деген сөздің нені білдіретініне қатысты ешқандай түсініктеме бермейді. Бәлкім, осылайша шенеуніктер әлеуметтік желіні өз жұмыстарына мақтаулы пікірлермен толтырғысы келетін шығар.
Бұл мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі өздері туралы жағымсыз ақпаратты қадағалау үшін мониторинг қызметін сатып алуы бірінші рет емес. Бірақ әділеттілік үшін қазіргі уақытта Күршім ауданы әкімдігінің сатып-алымы бұрынғыларға қарағанда арзан екенін байқаймыз.
Салыстырмалы түрде айта кетейік, былтыр Алматы әкімдігі қала әкімі Ерболат Досаевқа қатысты интернеттегі оң, бейтарап және жағымсыз сөздерін бақылау үшін "Alem Research" ЖШС-мен 4,6 миллион теңгеге келісімшарт жасасқанда ең атышулы жағдай болды. Досаев туралы ескертулер келесі түйін сөздер арқылы іздестірілді: ерболат* асқарбекұлы*, алматы қаласының әкімі, ерболат* досаев* және т.б.
"Ras aitamyn" Telegram-арнасы Алматы әкімі туралы айтылған 12 мың сөздің 10 725-і негатив, ал 343-і ғана позитив болған деп жазды. Ең жағымсыз пікірлер YouTube-тегі AIRAN, "ГИПЕРБОРЕЙ", JURTTYŃ BALASY арналарында және ULYSMEDIA және "Азаттық” радиосы басылымдарында табылды. Сондай-ақ тізімге: "Жанболат Мамай онлайн", "БƏСE", "За нами уже выехали", "ОБОЖАЮ", "УАҚЫТ КӨРСЕТЕДІ" YouTube арналары, Адам құқын қорғау бюросы, бірқатар белсенділер және т.б. кірген.
Кейін, 2024 жылы Досаевтың қарамағындағылар 259 623 214 теңгеге осындай тендер жариялағанын білдік. Бөлінген қаражат үшін жеткізуші әкімдікке әкімдік жұмысын сынайтын басылымдар дайджест ұсынуы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың жұмысына анализ жүргізуі қажет. Сонымен қатар тапсырыс беруші Алматы қаласының қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақпаратты анықтауды талап етті.
Біз Алматыда ғана емес, Астанада да жағымды пікірлерді сатып алғанын жазғанбыз. 2020 жылы елорда әкімдігінің қызметкерлері сол кездегі қала басшысы Алтай Көлгінов туралы әлеуметтік желіде "дұрыс" пікірлер пайда болуы үшін 125 миллион теңгеге тендер өткізген. Тендер сипаттамасында мердігер халықаралық және қазақстандық ақпараттық платформаларда жарияланған Көлгіновтің жұмысы туралы жағымсыз жарияланымдарға жауап беруі және талқылауды дұрыс бағытта жүргізу үшін оң, бейтарап пікірлер жазуы керектігі айтылған.
Мұндай сатып-алым тұрақты түрде өтетініне қарамастан, олар шенеуніктердің оң имиджін қалыптастыруға мемлекет ақшасын жұмсаудың негізсіздігінен халықтың қарсылығын тудырады. Мемлекеттік қызметшілердің өздері де осындай даулы шығынға қатысты айыптауларға жауап беру арқылы азаматтардың жағымсыз көңіл күйін тудыруда.
Мәселен, 2020 жылы Алтай Көлгіновтің баспасөз қызметі сол кездегі әкімге әлеуметтік желідегі "ақылы" пікірлер мен жазбалардың қажеті жоқ екенін, өйткені әкімшілік тарапынан жасалып жатқан істің барлығы адамдардың жайлылығы үшін деп мәлімдеген. Ал кейінірек Көлгіновтің өзі 125 миллион теңгенің тендеріне қатысы жоқтығын айтып, әкімдікте оған жауапты тұлғаларға өзі сұрақ қойды.
"Бұл сұрақты мен де қойдым. Бұл не үшін қажет? Бұл бізге керек емес. Осыны ойлап тапқан басшылық, менеджер жауапқа тартылды, бұл лот жойылды, ол жоқ. Сол кезде келісімшартты бұздық", - деді ол.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер ықтимал "қалаусыз" азаматтар мен жарияланымдар туралы мәліметтерді басқа мемлекеттік органдарға беру үшін осындай мониторингті жүйелі түрде жүргізетінін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Ерболат Досаевты сынаушылар тізіміне енген кейбір белсенді мен құқық қорғаушы әкімшілік қамауға алынып, айыппұл арқалаған. Ал журналист Асхат Ниязов алдымен Telegram-арнасындағы бот шабуылынан аман қалып, кейін Досаевпен кездесуге әрекеттенген соң әкімдікте "шу шығарды" деген айыппен ұсталды.
Бұл ретте Алматы әкімінің өзі әлеуметтік желіге мониторинг жүргізуге арналған тендер сынаушыларды іздеуге арналмағанын, бірақ туындап жатқан мәселені қадағалау мақсатында өткізілетінін айтты.
"Біздің медиа кеңістігіміз еркін. Барлығы жалпыға ортақ парақшада, YouTube арналарында, TikTok арқылы шығып жатады. Бұл сауалнамалар біз бір жерде туындайтын проблемаларды көрмей жатқанымызды немесе жеткілікті назар аудармағанымызды түсіну үшін жүргізілді", - деді шенеунік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!