- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО-да алтын өндіретін...
ШҚО-да алтын өндіретін мекемеге 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды
Ресми ақпаратты облыстық экология департаменті ұсынды. Олар жуықта Күршім ауданына қарасты Маралды ауылына барып, бірқатар заңбұзушылық анықтаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Департамент тарапына тұрғындардан өтініштер көп түскен. Нәтижесінде 3-25 мамыр аралығында "ВСАМ Продакшн" ЖШС-ға алтын өндіру фабрикасын салу бойынша тексеріс жүргізілді.
"Өздеріңіз білетіндей, Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасының құрылысына қатысты жағдай көпшілік арасында үлкен дүрбелең туғызды. Мамыр айының 3-і күні департамент өкілдері аталған учаскеге барды. Соның нәтижесінде фабрика құрылысы бойынша жұмыстар анықталмады", - деді департамент басшылығы.
Дегенмен тұрғындардың көбі мұның шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Нұргүл Сыдықованың сөзінше, фабрика құрылысы заңсыз жүріп жатыр.
"Халықты неге алдайсыңдар? Жергілікті жемқор биліктің көмегімен жұртқа тиесілі мал жайылымы мен егіндік жерлердің қолдану мақсатын заңсыз жолмен өзгертіп алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік сонда да ешнәрседен хабарсыз ба?" - деді ол.
Департамент өкілдері "ВСАМ Продакшн" ЖШС-ға бес бағыт бойынша ұйғарым шығарды. Айталық, ластанған жер учаскесін базалық жағдайға келтіру үшін қажетті шараларды жүргізу, арнайы алаңдарды жабдықтап, қалдықтарды жағу салдарын жою. Бұдан бөлек, олар құрылыс мерзімі бойынша жобалық құжаттарға түзету енгізулері тиіс.
"Тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 2 587 500 теңгеге бес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Кәсіпорын тексеру нәтижелерімен келіспей, шығарылған қорытындыға қатысты шағым білдірді", - делінген департаменттің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы