Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлер табыс тауып, кейін салық төлеу кезінде жалтарып кетудің жаңа әдістерін ойлап тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірде мақсатты түрде тақырға отыратындар бар екен. Жуырда өткен отырыста "РичРесурс" ЖШС талқыға түскен. Салық төлеуден жалтару немесе қасақана банкроттыққа ұшырау дерегі бойынша мемлекетке 440 миллион теңгеден аса шығын келтіргені анықталған. Соталды тергеу амалдары нәтижесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестігі банкрот деп танылғанға дейін бес көлік пен өндіріс базасы бар бір жер телімін үлестегі адамдардың атына төмендетілген бағамен аударып қойғаны анықталған.
"Барлығы сол ЖШС-ға тіркеліп тұр. Маман қорытындысына сәйкес шығарылған мүліктің бағасы - 467 миллион теңге. Облыстық сот үкімімен айыпталушы шартты түрде бес жыл екі ай мерзімге бас бостандығынан айыру және тыйым салынған мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу түріндегі жазаға тартылды. Жалпы соммасы 396 миллион теңге төленбеген салық ретінде келтірілген шығын толықтай қайтарылды", - деді ШҚО экономикалық тергеу департаменті өкілі.
Осыған қатысты тағы бір іс "АлтайСпецПромМонтаж" ЖШС бойынша өрбіген. Зерттеу нәтижесіне сай "сот мекемені банкрот деп танығанға дейін оның директоры кредиторлық берешектен жалтару үшін үш жыл көлемінде кәсіпорынға тиесілі жеті автокөлікті сатып жіберген" деген қорытынды шығарған. Берешек мөлшері - 77,6 миллион теңге. Қазір барлығы тәркіленген. Глубокое аудандық соты шешіміне сәйкес ЖШС басшысы кінәлі деп танылып, оған бір жыл бас бостандығынан айыру және барлық тыйым салынған мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу түрінде шара қолданылған.
"АқтасЗемПроектСтрой" ЖШС басшысы да мекемені басқарып отырғанда қасақана банкрот болғаны анықталған. Ол көліктерін сатқан.
"Яғни ресми банкрот деп танылғанға дейін үш автокөлік сатып, мемлекетке 74 миллион теңге көлемінде шығын келтірді. "АқтасЗемПроектСтрой" ЖШС банкрот болғаны ресми расталған соң Какимов "СтройТрест-KZ" ЖШС құрды. Бұдан соң өзі және фирма директоры үлестегі адамдарға көліктер мен өндірістік ғимараттар берген. Қорытындысында мемлекетке 54,9 миллион теңге шығын келтірілгені анықталды", - деді департамент өкілдері.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!