ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шәкенов өңірде жемқорлық тәуекелдерін бағалау үшін талдау жүргізілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, өңірде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары тіркелген.
Жалған дипломдар, спорттық командалардың іссапар барысындағы шығындарына арналған қаражатты жаттықтырушыларға аудару кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу фактілері анықталды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 7 қызметкерінің жалған дипломдарды пайдалану фактісі белгілі болды, - деді Денис Шәкенов өңірлік коммукациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ элиталық спортты дамыту бойынша мемлекеттік сатып алу талаптары бұзылған.
Бүкіл анықталған фактілер бойынша уәкілетті органдармен тексерулер жүргізілуде. Қорытындысы шыққаннан кейін қылмыстық-процестік заңнама аясында процестік шешімдер қабылданады. Мұндай бұзушылықтардың қайталануын болдырмау үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша уәкілетті органдарға нақты ұсынымдар берілді, - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!