- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ШҚО-да 200-ге жуық...
ШҚО-да 200-ге жуық ауылда интернет жоқ
Жауапты тұлғалар ғаламтор мәселесін 2025 жылға дейін облыс әкімімен бірігіп шешетіндіктерін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жуырда өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өңір жұртына сандық технологияны толық меңгеріп алудың тиімділігін айтты.
Жиынға ZOOM платформасы арқылы қатысқан аудан, ауыл тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, Катонқарағай ауданына қарасты Берел ауылының тұрғыны Бағдат Мусинге базалық станция орнатылса да, ғаламтордың жоқтығын айтты. Теле 2 ұялы байланыс операторының өкілі сол жерде отырған еді, "интернет екі ай ішінде тартылады" деп сендірді.
"Шығыс Қазақстандағы 363 ауылдың 197-сінде мобильді интернет жоқ. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының ұсынысымен арнайы жол картасын құрдық. Онда елдімекенге тиісті антенналар орнатып, ғаламтор мәселесін 2025 жылға дейін шешпекпіз", – деді Бағдат Мусин.
Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр еліміз бойынша 3500 базалық станция орнатылыпты. Министр шағын статистикаға тоқталып өтіп, осы станцияға қатысты шығысқазақстандықтардан көп наразылық туындағанын айтты. "Ғаламтор мұнарасы радиация шашады" деп секемденіп, оны алып тастау туралы өтініштерін де білдірген көрінеді.
"Бізде кейбір адамдарда радиофобия қалыптасқан. Негізі, радиофобия деген мәселе де жиі қозғалады. Одан қорықпау керек. Үйдің шатырында тұрған базалық станция пәтердегі адамға еш әсер етпейді. Зияны жоқ, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай. Бұл технология барлық елде қолданылады", – деді Бағдат Мусин.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы