ШҚО-да 15 мыңнан астам адамды су басу қаупі төніп тұр

ШҚО-да 15 мыңнан астам адамды су басу қаупі төніп тұр
Фото: Автордан

Жуырда Сенат депутаты Ольга Булавкина Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында өңірдегі төтенше жағдайларды алдын алу қажеттілігін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, Шығыс Қазақстандағы үш су қоймасы апаттық жағдайда. Мәселен, Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасының алаңдатарлық жағдайда тұрғанына 10 жылдан асты. Қайта жабдықтау алты жыл бұрын басталса да, жобалаушылардың салғырттығы мен қаржының жетіспеушілігінен аяқсыз қалған. Айтуынша, осыдан бес жыл бұрын аталған су қоймасына қатысты облыста төтенше жағдай жарияланды.

"Бұған дейін аз-маз жөндеу жұмысы жүргізілген болатын. Кейін жобалық-сметалық құжаттама қайта әзірленіп, 2022 жылы оның мерзімі аяқталып қойды. Өңірдегі басты суағардың негізгі бөліктерін қалыпқа келтіріп үлгермеген жобалаушылардың жұмыстарына атүсті қарағандары тағы бар. Онымен қоса уақтылы қаржыландырылмаудың салдары тұрғындарға теріс әсер еткелі тұр", - деді ол.

Тарбағатай ауданындағы Қанды су мен Күршім ауданына қарасты Орта Теректі су қоймалары да жөндеуді қажет етеді. Ольга Булавкинаның айтуынша, ондағы бөгеттердің жарылып кету қаупі бар. Бұл жерде жеңіл-желпі жұмыс емес, бөгеттін өзін жөндеу керек. Жарылған жағдайда 15 мың 500-ден астам адам зардап шегуі мүмкін.

"Былайша айтқанда, ауданның бір бөлігіне қауіп төніп тұр. Адамдар ғана емес, жайылымдағы малға да қиынға соғады. Біршама қиын жағдай. Өзімнің депутаттық сауалымда аталған мәселелер бойынша тезірек әрекет етілуіне қолқа салдым", - деді Ольга Булавкина.


Одан бөлек, осы уақытқа дейін қайғылы жағдай болмағанын, соған қарамастан аз уақыт ішінде нақты қадамдар жасауға үндеді. Депутаттың сөзінше, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген жобалаушылардың бұрынғы қателіктерін қайталамау үшін қазірден бастап бөгеттерге кешенді тексерістер жүргізу қажет.

Асыл Бигелді 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы