"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында шығысқазақстандықтар белсенділік танытып, 20 мың көшет отырғызып жатыр.
Қазірде облыс көлемінде көгалдандыру жұмысы қарқын алып келеді. Жалпы, биылғы жылдың өзінде 123 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.
Бүгін Өскемен қаласында "Қазақстан" тауының етегінде аталмыш акция аясында сенбілік өтіп, ағаш көшеттері отырғызылды. Шараға қала қонақтары, еріктілер және мемлекеттік орган өкілдері мен жеке кәсіпорын ұжымдары да қатысты.
"Отанға, еліне деген махаббат тазалықтан және еңбекқорлықтан басталуы қажет. Сондықтан бүгінгі бірегей шара жастар арасында дәстүрге айналып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болады деген сенімдемін", - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Шығысқазақстандықтар "Таза Қазақстан" акциясына қатысуда белсенділік танытуда. Акцияның бірінші апталығы "Таза Өлке" аясында 21,4 мың аула тазаланып, 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
"Киелі мекен" апталығында 161 қоғамдық орын, сквер және 136 ескерткіш тазаланды. Ал "Өнегелі ұрпақ" аптасында облыстағы ардагерлер мен қарттардың ауласы тазаланып, сенбіліктер өтеді. Қорытынды "Мөлдір бұлақ" апталығында арықтар мен бұлақ көздері тазалаудан өтпек.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!