- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "ШҚО, Баянауыл, Меңкесер"....
"ШҚО, Баянауыл, Меңкесер". Шенеуніктер қайда демалады?
Қазақстандықтар арасында жазғы демалысын шетелден бөлек ел ішінде демалу да сәнге айналып бара жатыр. Шенеуніктер еңбек демалысында қайда демалғанды жөн көреді? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Қай өңірде демалушылар саны көп?
Ranking.kz мәліметінше, 2021 жылы елдің 19 курорт аймағында 1575 қонақүй, коттедж, санаторий және басқа да орындар жұмыс істеген. 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында осындай орындарда 58 миллиард теңгеге қызмет көрсетілген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда, 72,8 пайыз артық.
2021 жылы бұл саладағы қызметтің 53,9 пайызы Алматы тау кластерінде көрсетілген, яғни 31,2 миллиард болған. Қызмет көрсету көлемінің жылдық өсімі 67,4 пайыз болған. Көшбасшылар үштігіне Щучинск-Бурабай (8,9 миллиард теңге, жылына 64,8 пайыз) және Маңғыстау (7 миллард тг, 70,8 пайыз) курорт аймақтары кірген. Ал ең азы Байқоңыр туристік аймағына тиесілі, бар болғаны 275 мың теңге.
"Хабар 24" телеарнасының мәліметіне сүйенсек, туроператорлар осы жазда Қазақстан ішіндегі демалыс отбасылық бюджет үшін қымбатқа түсетінін ескерткен. Мысалы, Алакөлге бару 30 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл туралы Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы Рашида Шайкенова айтқан. Ол жазда отандық курорттар мен санаторийлерде демалу мына себептерге байланысты қымбаттағанын жеткізген: долларға қатысты теңге бағамының күрт төмендеуі, инфляция мен азық-түлік, басқа тауар бағасының өсуі. Қазақстандықтар демалыс қарсаңында Алакөл, Балқаш, Каспий жағалауы, Бурабайға турларды брондай бастайды екен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір адамның демалыс орнында демалуы тәулігіне шамамен орташа 7 мың теңге болады. Сондай-ақ, Қазақстанда былтыр 9 айда сырттан келетін туристер саны екі есе қысқарған, бұл пандемия салдарынан болған.
Тоқаев қайда демалған?
Сурет: Берік Уәли
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 13 шілдеден бастап Шығыс Қазақстан облысында демалыста болған еді.
"Мемлекет басшысы 13-16 шілде аралығында төрт күндік қысқа мерзімді демалыста. Қасым-Жомарт Кемелұлы еңбек демалысын еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі - Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында өткізеді", - деген еді былтыр баспасөз хатшысы.
Сурет: Берік Уәли
СҚО әкімі қайда демалады?
СҚО әкімі туған жерде демалуды құп көреді екен. Бұл туралы шенеунік Instagram-парақшасында жазған.
"Меңкесер - отбасыммен демалатын сүйікті жер", - деп жазған СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
qumaraqsaqalov Instagram-парақшасынан
БАҚ-та бұған дейін де Құмар Ақсақалов Меңкесер көлінде демалуды ұнататынын айтқаны жазылған. Ол көлді Израильдегі Өлі теңізге ұқсатқан.
"Меңкесер көлі - шын мәнінде, облысымыздағы қасиетті көлдің бірі. Ондағы судың сапасы Израильдегі теңізге өте ұқсас деп есептеледі. Жыл сайын көрші мемлекеттерден, Нұр-Сұлтаннан, басқа да облыстардан көптеген адам келіп, ем алады. Суы өте жақсы", - деген облыс әкімі.
Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, Меңкесер - Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы тұйық көл. Ол Петропавл қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 83 шақырым жерде орналасқан.
Депутаттар қайда демалады?
Қазақстанда Парламент VII шақырылымының екінші сессиясының жұмысы аяқталған болатын. Осыған орай депутаттар қыркүйекке дейін демалысқа шықты.
Аветик Әмірханян, Ләззат Сүлеймен, Альберт Рау, Гүлнара Бижанова. Суреттер: parlam.kz
Сенатор Ләззат Сүлеймен ел ішінде демалатынын айтқан.
"...Қазақстанда отбасыммен шағын демалыс болады, бірақ жұмыс жалғасады. Күзде депутаттық сауалдарға дайындық жүреді...", - деді сенатор Ләззат Сүлеймен Мәжіліс кулуарында.
Ол Баянауылда демалғысы келетінін жеткізген.
"Қазір Баянауылда бірнеше күн демалғым келеді. Негізі, Алматы облысында боламын, кейбір облыстарда халықпен кездесу өткіземін. Шағын демалыс болады", - деді сенатор Сүлеймен.
Ал Мәжіліс депутаты Аветик Амирханян демалысын отбасымен өткізеді екен.
"Алдымен, халықпен жұмыс істейміз. Өңірлер бойынша 10 күн жұмыс істеп, содан кейін ғана демалысқа шығамыз, келесі сессияға дайындаламыз. Үйде отбасыммен, балалармен, немерелеріммен демалуды жоспарлап отырмын. Батыс Қазақстан облысында, Оралда боламын", - деді Амирханян.
Мәжілісмен Гүлнара Бижанова мен Альберт Рау жазда жұмыс көп екенін айтқан.
VII сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ералы Сауранбаев Instagram-парақшасында ШҚО-да жүргенін айтқан.
"Балықтыбұлақтың түнгі көрінісі. Өте жағымды атмосфера әрі таза ауа. Киіз үй - көшпелі өркениет ойлап тапқан ең жақсы туындыларының бірі", - деген Instagram-парақшасында Ералы Сауранбаев.
Ашық дереккөз мәліметінше, Балықтыбұлақ - Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, Төсқайың ауылдық округі құрамындағы ауыл. Ол Күршім ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 256 шақырым жерде, Марқакөл көлінен шығысқа қарай орналасқан.
Мысырда демалған кім?
"КТК" телеарнасының мәліметінше, 2021 жылы Түркістанда облыстық мәслихаттың депутаты Ерлан Нұрмаханов мың гектардан аса жайылым жерді қоршап алған. Телеарна мәліметінде Бәйдібек ауданындағы Жолғабас, Кеңес ауылдары төрт түлігін қуықтай жерге жайып жүргені айтылған. Себебі ауылдың айналасындағы жайылымға кіру мүмкін болмаған. Тұрғындар облыстық мәслихат депутатын кездесуге шақырған. Бірақ халық қалаулысы "Мысырда демалып жатырмын" деген.
Ж. Қадыржанова