Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оған ірі көлемде алаяқтық жасады және ірі көлемде пара алды деген айып тағылды. 31 наурызда өткен жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
3 сәуірде сот үкімді жариялады. Жақсылық Омар кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Еске салайық, 2026 жылы 13 ақпанда әлеуметтік желіде Жақсылық Омар ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Сол кезде өңірлік әкімдік мұндай мәлімет жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкімдік "әкімнің орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алғанын" хабарлады.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенеунікке қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
Кейінірек ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс сотқа жолданды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова