ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыру сұралды

ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыру сұралды
Фото: instagram.com/zhaksylyk_omar

Өскеменнің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

31 наурызда жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары ірі көлемде алаяқтық жасау және ірі көлемде пара алу дерегі бойынша айыпталып отыр.

Сонымен қатар, прокурор Toyota Camry көлігін тәркілеуді, Жақсылық Омарға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салып, оны "Құрмет" орденінен айыруды сұрады.

Жеңілдететін мән-жай ретінде оның кінәсін мойындауы, келтірілген шығынды өтеуі және кәмелетке толмаған балалары болуы аталды.

Сот отырысы барысында айыпталушы Жақсылық Омар шын жүректен өкінетінін және тергеу изоляторында отырған уақытта болған жағдайды ой елегінен өткізгенін айтты.

Еске салайық, 2026 жылы 13 ақпанда әлеуметтік желіде Жақсылық Омар ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Сол кезде өңірлік әкімдік мұндай мәлімет жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкімдік "әкімнің орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алғанын" хабарлады.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенеунікке қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.

Кейінірек ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс сотқа жолданды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget