Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін отставкаға кету туралы өтініш берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова облыс басшысы отставкаға кету туралы өтініш бергенін, бірақ ол қабылданбағанын мәлімдеді.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша оның бұл іске қатысы жоғы ескеріліп, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Өңір әкімінің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыты бойынша қызметі штаттық режимде жүргізіліп жатыр", - деді ол.
Жақсылық Омарға қатысты іс
Еске салайық, 2026 жылы 13 ақпанда әлеуметтік желіде Жақсылық Омар ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Сол кезде өңірлік әкімдік мұндай мәлімет жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкімдік "әкімнің орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алғанын" хабарлады.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенеунікке қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
Кейінірек ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс сотқа жолданды.
2026 жылы 3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.
Жақсылық Омар кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленді. Ол алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова