Төсекке тартып массаж жасатқан. Алматыда 10 жастағы жеткіншекті зорламақ болған күдіктінің ісіне қатысты баланың анасы тың деректерді жария етті. Сөзінше, азғындыққа барған ер адам баланы қоқыс шығаруға көмектес деп сендіріп, пәтерге ертіп әкелген. Жыныстық қызығушылығын да сол жерде жүзеге асырыпты. Жантүршігерлік жайтты естіген көп-қабатты үйдің тұрғындары шу шығарды. Балаларының болашағына алаңдаған аналардың жанайқайын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Камила Тілекқабылқызы - азғынның арамза пиғылынан аман қалған Әлиханды алғаш көрген жанның бірі. Ол шошынған ұлын бауырына басып жұбатыпты. Бірақ жыныстық сипаттағы "жара" бүлдіршіннің бойында өшпес үрей қалдырған. Бүгін де сабаққа бармаған, сыртқа жалғыз шығуға батылы жетпейтін көрінеді.
"Балам үйден 1-2 сағат ойнап келейінші деп шығып кеткен. Достарымен алаңсыз ойнап отырған сәтте жандарына бір кісі келіп сөзге тарта бастаған. Сөйтіп балалардың бәрі кетіп қалған. Содан кейін: Маған үйден қоқыс шығаруға көмектесші", - деп баламды пәтерге дейін ертіп апарған. Мен деген спортпен айналысамын, ұрып тастаймын, - деп қорқытқан. Үйге кіргізгеннен кейін "арқама массаж жасап берші" деп жердегі төсекке тартып массаж жасатқан. Сол кезде қолынан тартып, төсекке жатқызып іш киіміне қолын салып алған. Балам сол кезде бәрін түсініп қашып шыққан. Балам үйге келгенде қатты қорқып тұрды. Жылағысы келіп тұрды. Қатты дірілдеп: Там дядя! Он хотел меня! Он на меня трусы руку засунул, - деді. Құшақтап, қорықпа дедім. Өз-өзінен ұялып, денесін сипай береді. Сол кезде тәртіп сақшыларына бірден хабарластым.", - дейді анасы Камила Тілекқабылқызы.
Алайда полиция қызметкерлері алғашында ананың айтқан ақиқатын тыңдауға құлықсыздық танытқан. "Арыз жазсаң өзіңді сүйрелейміз, баланың денесінде сызат та жоқ" деп істі жылы жабуға тырысыпты. Баласы үшін жанын беруге даяр Камила сол кезде табандап тұрып алған. Айқайға басқан соң арызын тіркеген.
"Тәртіп сақшылары балаға кір келеді, бәрін шулатасыз, керек емес, мүмкін арыз жазбай-ақ қоясыз деп үгіттеді. Мен бірден айқайға бастым. "Қазір менің балам қашып үлгерді. Кейін басқа біреуді өлтіреді ғой", - дедім. Ешқандай дәлел жоқ деп ұзақ отырды. Сонда олар іс қозғау үшін міндетті түрде кісі өлтіруі керек пе? Жоқ әлде баламның денесінен сперма табылуы керек пе еді? Баламның шашынан тартып, аузына тығуы керек пе еді? Менің осы айқайымнан кейін арызымды қабылдады. Қазір ол педофиль бостандықта жүр. Ата-аналар шулап жатыр. Не үшін босатып жібергенін полиция айтпайды", - дейді баланың анасы.
Оқиға 20 сәуір күні кешқұрым болған. Жыныстық зорлық жасамақшы болған күдікті тұрғын үй кешенінің жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылысшы көрінеді. Барлығы дәліздегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Күдікті бұған дейін де бірнеше мәрте тұрғындардың зәре-құтын қашырған. Қазір қараша ұл-қызын қараусыз қалдыра алмайтын жағдайға жеткен.
"Осыдан бір апта бұрын дәл сол педофиль кілтін тығып есігімді ашайын деді. Қайта күйеуім болып жаным аман қалды. Мен көршіммен қосылып оның үстінен арыз жазамын. Өйткені бұл кісінің баласының орнында біздің де ұл-қыздарымыз болуы мүмкін еді. Ол адамға қарсы бүкіл үйдің тұрғындары арыз жазуы керек. Менің 4 балам бар. Қатты қорқып қалдық", - дейді қала тұрғыны - Фариза Қанатова.
Ал көпқабатты тұрғын үйге жауапты Пәтер иелері кооперативі өкілдері болса бейнбақылау камераларын көбейтеміз деп сендірді. Қауіпсіздік шарасын қатаңдатып, тұрғын үйді қоршамақ. Сондай-ақ жергілікті учаскелік полиция өкілдерінің тындырымсыз тірлігін тілге тиек етті.
"Біз қазір камераларды көбейтіп жатырмыз. Үйдің алдына, артына, балалар ойын алаңына қосымша камераларды орнатамыз. Әр этажда камералар бұрыннан бар. Оны әрбір тұрғын онлайн көре алады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында тұрғын үй кешенін қоршаймыз. Тек тұрғындардың өздері кіре алатындай болуы керек. Өзіміз осылай амаладамасақ, Наурызбай ауданындағы учаскелік полиция қызметкері өте нашар жұмыс істейді. Олар әр он күн сайын ауысып кетеді. Екі айда 7-8 адам ауысты. Оларды шақыру үшін 2-3 сағат уақыт кетеді", - Пәтер иелері кооперативі басшысы Асхат Канаев.
Ал тағайындалғанына бір жарым ай болған Наурызбай ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әділбек Қозыбеков болса бұдан кейін халықпен біргемін деп салды. Ол "тап ертең тексерісті бастаймын" деп жиналған жұртты сендірді.
"ҚР қылмыстық кодексінің 121 бабы, 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Сот сараптамасы тағайындалды. Прокуратураның шешімімен бостандыққа жіберілді. Іс тергеп-тексеріліп жатыр. Бұл іс басшылық құрамның қарауында. Заңды шарасын қабылдаймыз. Менің телефонымды жазып алып, чаттарға қосып қойсаңыздар болады. Сіздермен бірігіп жұмыс жасаймын. Ертеңнен бастап учаскелік инспекторлар барлық үйлерді тексереді", - деді Наурызбай ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әділбек Қозыбеков.
Бала-шағасының болашағы үшін алаңдаған ата-ананың барлығы бірігіп күдіктінің үстінен арыз жазбақ. Қазір азғындыққа барған азамат қайта қамалған.
Айта кетейік өткен сенбіде тағы бір құрылысшы 13 жасар қыздың тағдырын талқан еткен болатын. Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі. Бұдан былай құрылыс жасаймын деп көп қабатты үйге кіргендердің барлығын қатаң тексеру керек.Өйткені, азғындар арын таптаған балалардың бүгіні ғана емес, болашағы да бүлінетіні жасырын емес.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!