- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ішкиім лақтыру". Ертеде...
"Ішкиім лақтыру". Ертеде қазақтар төсек жайма арқылы келіннің пәктігін тексеріп алған ба?
Неке - екі адамның үлкен өмірге басқан қадамы. Жігіт пен қыз некелескен соң бір-бірінің алдындағы ерлі-зайыпты ретіндегі міндеттерін орындайды. Соның ішінде жыныстық қатынас та бар. Алғашқы неке түні - сол қатынастың бірінші баспалдағы. Түркі тілдес халықтарда әлі күнге дейін алғашқы неке түнінде келіннің пәктігін тексеру салты кездеседі. Түрлі дереккөздерде бұл салт шамамен әлемнің жиырма елінде кездесетіні айтылады. Massaget.kz тілшісі ғылыми еңбектерге шолу жасап, этнограф Аманжол Қалышпен сұхбаттасып, қазақтар ертеде келіннің пәктігін тексеріп-тексермегенін сұрады. Сондай-ақ, психолог-сексолог Айгүл Адиловадан пәктік медициналық тұрғыдан қалай түсіндірілетінін білді.
Қай халықтар келінін тексеріп алған?
Бұл салт Орта Азия, Солтүстік және Оңтүстік Кавказда әлі күнге сақталған. Ондағы басты мақсат - қыздың пәк күйінде тұрмысқа шығып-шықпағанын тексеру, оны жарияға жар ету. Бұл салтқа түрлі атау берілген. Мәселен, қызыл алма, жайма. Бұл салт бойынша тойдан кейін жас жұбай арнайы бөлмеге жіберілген. Ал бұл кезде есік алдында қыздың немесе жігіттің туыстары отырған. Олар қыздың пәк немесе пәк емес екеніне куәлік етуі қажет болған. Тіпті деректерде сол куәгер қан ізі бар жайма мен орамалды туыстарына көрсететіні айтылады. Ал кейбір жағдайда ішкиім көпшілік көзінше іліп қойылған. Алайда медицина қызметкерлері алғашқы жыныстық қатынаста үнемі қан түрінде қыздың пәк немесе пәк болмағаны көріне бермейтінін айтады. Бұл әр адамның ағзасына байланысты болады. Алайда әлі күнге сақталған салт бойынша қойылар талап - қан көрінуі.
"Ақ шүберек жайылған, шам сөндірілген". Арты не болған?
Оңғарбай Қазиев "Көшпелі қазақ өркениетіндегі отбасы (семья) мүшелерінің өзара құқықтық қатынастары" атты еңбегінде қызға жасау ретінде берілетін отаудың бір бөлігін күйеу жақ әкелетіні айтылады. Соның ішінде күйеу жақ шаңырақ пен босағаны апаратын болған. Бұл "отау - өзімдікі" деген ойдан туындаған. Бұл отау қыз әкесінің үйінің артынан тігілген екен. Отау тігілген соң күйеу мен қалыңдыққа арнап төсек қойылған, шымылдық байланған. Ал кешке осы отауда жігіт пен қыз кездескен.
"Қайткен күнде де бұл кеш күйеу мен қалыңдықтың тағдыр ұштастыруының алғашқы түні есебінде көптеген дайындықты талап етумен бірге қалыңдыққа, оның ата-анасына, туған-туыстарына үлкен сын сағаты болып есептеледі. ...А.Левшиннің айтуынша, қалыңдық отауға келісімен төсек салынып, бірнеше жеңгелер күйеу шақыруға барып, бақан аттар, ит ырылдатар ғұрыптарынан өткізіп, отау ішінде кемпір өлді, төсек салар ырымын жасатып, ең соңғы кәдені күйеу өтеген соң, көрпе үстінде ақ шүберек (неке жаулық) төсеп, қалыңдық пен күйеуді жатқызып, шамдарын сөндіріп, жеңгелер сыртқа шығады", - делінген деректерде.
Сондай-ақ, алғашқы түнге дейін жеңгелер жағы күйеу жігітке қатал қарамаған екен. Өйткені олар қыздың ару екені дәлелденбей қала ма деп күмәнданыпты.
"Қалындық ойлаған жерден шығып, онын арулығы дәлелденсе, Құдайдың бергені. Сондықтан ешнәрсеге көзі жетпей тұрып жаныашыр жеңгелер күйеудің қабағын шыттырмауға тырысады. Сөйтіп, отаудан сыртқа шыққан жеңгелер бірден кете қоймай, үй іргесінен құлақ салып тыңдайды. Оны халық "Көрер таңды көзімен атыру" деп атайды. Ертеңінде екі жеңге келіп, күйеу ұлға: "Көңілің толды ма? Разы болдың ба?" дейді. Астыларындағы ақты көреді. "Ақ неке түні" - күйеуі алдында қалыңдықтың пәктігі айқындалып, арулық абыройы тексеріліп, қалыңдық жақсы болса, күйеудің шаттықпен, ойдағыдай болмаса, ренішпен қайтатын кезі. Қыз қолды болмаса, екі жеңге қыз үйіне қуаныш жеткізіп, сүйінші алады. Сүйіншіге күйеу кедейлеу болса жеңгелеріне бір жылқы береді. Бірақ сапасына көңіл бөлінбейді. Мұны естіген ата-ана ол күні - бір жасап, құданың төрінде өте кеуделі, өр отырып үлкен шаттықпен бір демалатын күні", - делінген Оңғарбай Қазиев еңбегінде.
Бұл кезде күйеу жігіт сәнденіп, қайын жұртына барып ризашылығын білдіреді екен.
С.М. Дудин
"Ішкиім лақтыру", "дамбал салу". Ол не білдірген?
"Егер қалындық алғашқы неке түні таза болмай шықса, күйеу бұл жайды жеңгетайларға хабарлап, олар жайсыз хабарды қалыңдықтың анасына жеткізген. Сосын анасының: "бетіме күйе жағып, елге қарамастай қылдың" деген сәлемін қызына айтып барған. ... Күйеу қалындығының кінәсін айтып, қыз әкесіне кісі салған", - делінген деректе.
Сондай-ақ, қыздың пәк болғаны алтын жүзік, алтын белдік, биік өкшелі көк кебіс арқылы ұзатылудан көрінген. Бірақ қыз барған жерінде пәк емес екені білінсе, қыздың әке-шешесіне оның жүзігі мен белбеуін үзіп, кебісінің өкшесін сындырып, үйінің сол жақ босағасына әкеліп тастаған. Ал қыздың ата-анасы күйеу жаққа үш тоғыз сый беріп жіберген. Кейде қызды қайтарып алып, тоқалдыққа берген. Ал жігіт жаққа қыздың сіңілісін де беретін жағдайлар болған. Қыздың пәктігі дәлелденбесе, орындалатын ырым "қатын шықты" деп аталған. Еңбекте қазақтың бұл жайтқа ұқыппен қарауы отбасылық тазалықтың сақталуын құптағаннан туғаны айтылады.
Любовь Моисеенко (Current Time)
Әбубәкір Диваев ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы жинаған деректері бойынша алынған "ішкиім лақтыру", "дамбал салды" секілді салттардың астарында да осы дәстүр жатқан екен. Онда күйеу жігіт неке тойына дейін келіп жүргенінде қалындықтың абыройын төксе, жеңгесінің айтуымен ауылдың ер азаматтары жігіттің атының ішін жаратыны айтылған.
Дамбал салды - алғашқы түні "көрпе қимылы" "ойдағыдай" жүзеге асса, қыздың анасы жеңгеге берген сый. Әбубәкір Диваев еңбектерінде оның "ішкиім лақтырау" деген де атауы болғаны айтылады. Жігіт астарына жас төселген ақ жайманы жеңгелерінің біріне ұстататын болған. Ал қыздың жеңгесі оны анасына (қыздың анасына - еск.) көрсететін болған.
Любовь Моисеенко (Current Time)
Халел Арғынбаев "Қазақтың отбасылық дәстүрлері" атты монографиясында қыз пәк болмай шықса, жігіт бас құда болып келген адамды ертіп, қайын атасына барып, "алтын дегенім мыс болды, күміс дегенім жез болды, мен қалыңмалды қатынға емес, қызға төлеп едім ғой" дегені айтылады. Бұл жағдайда жігіт қалыңдықтан бас тартатынын айтып, достары отырған үйге барып жауап күткен. Ал қыздың әкесі жақындарын шақырып, бұған кім кінәлі екенін анықтаған.
Ертеде қазақ қызын 15-16 жастың арасында ұзатқан. Өйткені әдетте мұндай жаста біреумен көңіл табыстыруы мүмкін емес болған. Осылайша, еңбектерде қазақ қызының пәк болуына ерекше қарағаны айтылады.
С.М. Дудин
Этнограф Аманжол Боранбайұлы да қазақтар ертеде қызды тексеріп алғанын айтады. Өйткені қазақтар тазалыққа ерекше мән берген.
"Қазірге дейін қыз пәк пе, жоқ па тексереді. Оңтүстік өңірлерде тексеріп алады. Ата-бабамыз міндетті түрде тексеріп алған. Өзбектерде, тәжіктерде әлі күнге дейін сақталған. Оны бізде дәстүрлі түрде қадағалап отырған. Ұрын барғанда да жеңгелері біліп отырған. Жігіт те білген", - дейді этнограф.
Қазір бұл салт кімге болмасын таңсық көрінетіні жасырын емес. Өйткені қыздық белгі әр адамда әртүрлі болады.
"Физиологиялық-медициналық жағынан әйел адамда қыздық болады. Қыздықтың бірнеше түрі болады. Ол қалың, жұқа, кейбіреулерінде тесік түрінде болуы мүмкін. Бұл - туғаннан берілетін нәрсе. Кейбіреулерде ол қиын жыртылады, кейбіреулерде оңай жыртылады. Бұл - таза физиологиялық құбылыс. Пәктікке бірнеше нәрсе әсер етеді. Біріншісі - физикалық қатынастың болуы, ешқандай еркектің жыныстық мүшесі әйелдің ешқандай мүшесіне тимеуі керек", - дейді Айгүл Адилова.
С.М. Дудин
Пәктік ар адамның ағзасына сәйкес болады. Сондықтан бұл жағдайда салттың теріс салдары көрінеді екен.
"Бұл (тексеру - еск.) - дәстүрлі нәрсе. Психолог ретінде көзқарасым, бұл - бұрыннан бар нәрсе. Әрине, жыныстық қатынас отбасылық денсаулыққа әсер етеді. Дәстүр болғаннан кейін дұрыс деп ойлаймын. Бірақ анатомиялық тұрғыда қыз, бірақ қан шықпайтын жағдайлар болады. Ақ жаулық жайылады. "Мен қызбын, қан шықпады" дейді. Бұл кезде гинекологқа апаруға болады. Сонда қыздық перде қашан жыртылғаны немесе бұрыннан болмағаны түсінікті болады. Бірақ болашақта бұл ерлі-зайыптының арасындағы әңгіме болып қалуы мүмкін. Әр адам әртүрлі. Кейбір ер адамдарға маңызды емес. Сондықтан тазалықты жеке қарым-қатынас төңірегінде қалдыру керек деп ойлаймын. Себебі оған қоғам қысым жасай алмайды", - дейді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова