“Шкафтың ішіне жасырынған“. Қайырымдылыққа жиналған ақшаны қалтасына басқан адам ұсталды

“Шкафтың ішіне жасырынған“. Қайырымдылыққа жиналған ақшаны қалтасына басқан адам ұсталды
Фото: ІІМ

Оралда халықаралық іздеуде жүрген күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 2025 жылы ақпаннан бері халықаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталған.

Тергеу мәліметіне сәйкес күдікті алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы қайырымдылық мақсатында жиналған 88 млн теңгеден аса қаражатты заңсыз иемденген.

"Ер адам полиция қызметкерлерінен бой тасалауға әрекет жасап, шкафтың ішіне жасырынған. Алайда тәртіп сақшылары оның жасырынған орнын анықтап, күдіктіні қолға түсірді. Күдікті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі бойынша, яғни аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған", - деді полиция.

Ұсталған адам Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget