«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасында «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру жайы да айтылған.
Халық қалаулысы бізге аталған шаруаны қалай жүзеге асырғанын айтып берді. Сарыағаш ауданының сол кездегі әкімі Б.Пармановтың «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Бесқұбыр елді мекені тұрғындарымен оңтүстік халқын солтүстікке көшіру бойынша өткізген жиынына депутат Ж.Ағабеков та қатысқан. «Аудан әкімі тұрғындарға бағдарламаның мән-жайын түсіндіріп, мемлекет тарапынан қандай көмектер болатынын айтып өтті. Солтүстіктің жұмыс істеуге қолайлы аймақ екенін, кәсібін ашамын деушілерге де мол мүмкіндік қарастырылғанын және жұмыс күшінің жетіспейтіндігін жан-жақты түсіндірді. Әрбір адамның өз білімі мен күш-қайратын сынайтын кезеңі келгенін тәптіштеп түсіндіруімен бірге, онда материалдық жағдайды да жақсартуға болатынын жеткізді» дейді Жаңабай Молдабайұлы. Кездесу барысында депутат жерлестерін қиыншылықтан қорықпауға шақырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге қол жеткізулеріне заңгерлік көмек көрсететінін және көшіп-қонуына қол ұшын созуға уәде береді.
Осылайша, халықтың аманатын арқалаған мандат иесі 50 шақты сарыағаштық азаматты жинап, Солтүстік Қазақстан облысына барып, жағдайды өз көздерімен көріп қайтуға бекінеді. Ж.Ағабеков ол жаққа сапарын мамыр айының соңына жоспарлады.
Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар және Уәлиханов аудандарының әкімдіктері қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Олар оңтүстікқазақстандықтарға мән-жайды жете түсіндіріп, солтүстікке қоныс аударса қандай мүмкіндіктер, көмектер көрсетілетінін айта жүріп, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырған. Мұнда мал және егін шаруашылығы жақсы дамығанын көрген сарыағаштықтар осында қоныс аударуға шешім қабылдайды. Сапардан орала салысымен ауылда жиын өткізіліп, 30 шақты отбасы солтүстікке көш бастауға келісімін берді. Жаңабай Молдабайұлы көшті көлікпен, жанар-жағармаймен қамтыды. Салтантты шығарып салу рәсімі өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Орта жасы 30 бен 50-ді құрайтын оңтүстікқазақстандықтар негізінен Солтүстік Қазақстан облысының Телжан, Ащыкөл, Алқатерек және Қондыбай елді мекендеріне орналастырылды. Сөйтіп, оңтүстіктен барған ағайындар ораза айтты тұңғыш рет солтүстікте тойлады. Олар жаңа мекендегі алғашқы мерекелерінің қасиетті айға тура келгенін жақсылық нышанына балады. Депутат өз жерлестеріне көшіп-қонуға жәрдем беріп қана қоймай, әрқайсысы 300-500 мың теңге көлемінде болатын бұрынғы қарашаңырақ үйлерді сатып алып берді.
Халық қалаулысы өзінен әлі күнге дейін адамдардың «Мұншама әурешілік саған не үшін керек?» деп сұрайтынын айтады. Ал депутат бұл сұраққа қашан да: «Ауылдастарым көмекке мұқтаж болды. Бар-жоғы олардың көшіп-қонуына демеушілік жасадым. Ал сатып алынған үйлерінің ақысын уақыт өте, табыс тауып жағдайлары түзелгенде біртіндеп қайтарар. Қайтарылған қаражат көшуге бекінген сарыағаштықтардың келесі тобына жұмсалады» деген жауабы дайын екенін жеткізеді.
Жалпы, ішкі көші-қон мәселесі тиімді шешім болғаны рас. Оңтүстік тұрғындары жаңа қонысқа тез бейімделіп кетеді және олар мұнда өз ісін әрі қарай да жалғастыра алатынына сенім мол. Халқы сирек солтүстік тұрғындарының санын арттыруға үлес қосатыны тағы бар. Шыны керек, әдетте, оңтүстіктің халқы солтүстіктің ызғарлы аязына бейімделе алмаймыз деп қорқа береді. Дегенмен төзімді халық мұны да еңсеретіні сөзсіз. Бұл тұрғыда қыстан аман-есен шығуына ерте көктемнен әрекет жасаған депутат оларды қатты отынмен де қамтығанын айтады. Сондай-ақ ауылдастарының еңбекқорлығына тәнті болған Жаңабай Молдабайұлы жерлестерінің онда қол қусырып отырмағанын ризашылықпен айтып берді.
– Мемлекет тарапынан көшіп-қонуына деп берілген субсидияны ондағылардың көбісі мал алуға жұмсады. Мемлекет тарапынан әрбір отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 106 мың теңге берілсе, отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 есептік көрсеткіш есебіндегі, яғни 74 мың теңгеден төленеді. Мәселен, есімде қалған Айбүбі апа туралы айтсам, ақ жаулықты ана ол қаржыға сауын сиыр мен он шақты қой алып, ауласында бағып отыр. Ол сондай-ақ ауылдық кафені де жалға алған. Алқатерек ауылына қоныстанған Алтынбек есімді азамат 3 миллион теңге көлемінде несие алуға құжаттарын өткізген. Ол да мал шаруашылығымен айналыспақ. Оның жұбайы ауылдағы мектепке жұмысқа орналасыпты. Көшіп барғандардың арасында жас жұбайлар да бар. Олар атақонысында үйлену тойын өткізіп, Солтүстік Қазақстанда жаңа өмірін бастауды ұйғарған, – дейді халық қалаулысы бізбен әңгімесінде.
Көшіп барғандарға ол жақтан 7 мың гектар көлемінде жер телімі берілген. Депутат Ж.Ағабековтың бастамасымен «Жаңа ел» және «Атамұра» ЖШС құрылған. Серіктестік үшін Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы ауылшаруашылық техникалары жеткізіліпті. Сонымен бірге, мал бағуды кәсіп еткен шаруаларды мал азығымен қамтыған. Жуырда ғана жердің мемлекеттік актісі алынып, енді серіктестік ұжымы астық өсіруді қолға алмақ. Айта кетейік, сарыағаштықтар жылыжай кешендерін салудағы мол тәжірибесін енді солтүстікте іске асырмақ. Оған бүгінде Оңтүстіктегі жылыжай шаруашылығының басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқаны дәлел бола алады. Ресей Федерациясының Омск қаласы оңтүстікқазақстандықтар қоныс тепкен Ақжар және Уәлиханов аудандарына небәрі 70 шақырым жерде. Сондықтан жылыжай өнімін жыл он екі ай Ресейге экспорттауға мүмкіндік мол. Жалпы, бір сөзбен айтқанда жоба мен жоспар көп.
Бүгінде Ж.Ағабековпен әріптес өзге де депутаттар көші-қон бағдарламасына ерекше қызығушылық танытып отыр. Жоғарыда айтып өткен депутаттың солтүстікке сапары барысында делегаттардың қатарында М.Төлтебаев, Д.Әбіш, Б.Нышанқұлов және Қ.Айтөриев сынды бірқатар халық қалаулылары болған. Олар өз жерлестеріне материалдық көмек көрсетіп, көмір алуға жәрдемдесіп қайтыпты.
Жаңабай Молдабайұлы жерлестерінің жағдайын тағы бір көріп қайтуға ниеттеніп отыр. Әрбір үйге бас сұғып, адамдардың қалай өмір сүріп отырғандығын, тіршілігін көрмекші.
– ОҚО-ның еңбекке қабілетті тұрғындарының көптігі басқа өңірлермен салыстырғанда бәсекелестік тұрғыдан артық болып тұр. Бұл республикамыздың басқа өңірлеріндегі еңбек ресурстарының жеткіліксіздігі мәселесін шешуге ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға көңіл бөліп, жұмысшылары аз жерге ішкі көшi-қонға жағдай жасау қажеттігін айтқан болатын. Әрине, бұл – Қазақстанның шығыс және солтүстік өңірлеріне тек Мақтаарал немесе Сарыағаш ауданы тұрғындарының көшуі тиіс деген сөз емес. Еңбек көші-қонын дамыту бағдарламасының негізгі талаптарын облысымыздың басқа аудандарында да түсіндіруді жандандыру керек. Егер туған ауылында жұмыс жоқ болса қол қусырып, үйде бос отыра беруге болмайды. Еңбек етемін деген адамға қашан да жұмыс табылады. Мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Өйткені бағдарлама аясында көшіп баратын жерлерде міндетті түрде еңбекпен қамту, балаларды мектептер мен балабақшаларға орналастыру сынды шаралар қабылданып жатыр. Желтоқсан айында өз әріптестеріммен бірге, бағдарламаны түсіндiру бағытында облыстың барлық аудан, қалаларында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылдың қамын ертерек жасау керек. Қазіргі таңда қабылдауыма күн сайын 2-3 адам келеді. Олар солтүстікке көшуге ниет білдіріп жатыр. Бұйырса, көктемде әріптестеріммен бірлесіп солтүстікке 500-ге жуық отбасыны алып барамыз деп отырмыз. Жалпы, көшті 1-2 отбасы етіп апаруға болмайды. Себебі, бір ауылға аз ғана отбасы сіңісіп кете алмайды. Сондықтан әр ауылға кемі 50 отбасынан тұрақтаса, олардан орта есеппен 150 бала мектепке барады. Ал 150 бала үшін қазақ мектебі ашылатыны, оған мұғалімдікке, балабақшаға тәрбиешілікке сұраныстың өзінен-өзі болатынын тағы анық. Негізінен, мына мәселені ерекше тағы қайталап айтамын, көші-қонды жалпыхалықтық етуіміз қажет. Бұл мәселені Петропавлда К.Мәсімов өткізген арнайы жиналыста көтердім. Бұл ұсынысым қолдау тапты да. Жиында қалыптасып отырған демографиялық және көші-қон ахуалына нақтылы шаралар қабылдауды қажет ететіні ескеріліп, егер бұлай жалғаса берсе 2050 жылға қарай қазақстандықтардың жартысынан астамы еліміздің тек оңтүстік өңірлерінде ғана тұратыны, ал солтүстік облыстар керісінше, халық жетіспеушілігін сезінетіні ерекше айтылды, – дейді депутат.
Сонымен бірге, ол әрбір аудандағы тұрғындарға жер беру мәселесін алға тартып «Жаңа ел» және «Атамекен» ЖШС сияқты жер-жерде ауылдық тұтыну кооперативін құруды ұсынған. Ауылшаруашылық техникалары алынып, шаруалар мемлекеттік бағдарламаға қатысып, субсидия мен жеңілдіктерге қол жеткізсе оңтүстіктің еңбекқор тұрғындары солтүстікке тез үйренетінін айтады.
Халық қалаулысы барша оңтүстікқазақстандықтарды солтүстік өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысуға шақырады. Ол: «Қай жерде тұрсаң да, сен қазақстандықсың. Бір ғана мақсат бар, ол елімізді гүлдендіру» деген ұранды айтады.
Біз Сарыағаш қаласынан Алқатерек ауылына көшіп барған Айбүбі Дүйсенбековамен ұялы байланыс арқылы хабарластық. Қонақжай оңтүстіктің «Шығыс» кафесін солтүстікке ала барған ананың қуанышында шек жоқ. «Мұнда жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік мол екен. Бос жер де, үй де көп. Байқағаным мұндағылар әлі кеңес өкіметі кезіндегідей өмір сүріп жатыр. 9-да жұмысқа шығып, кешкі 17-де қайтып келеді. Көшеде қимыл-қозғалыс жоқ. Нағыз шағын кәсіпкерлікті дамытатын жер екен. Алла бұйырса, қысты еңсерсек құдағиым келіссе ауылдағы қызымның отбасын да әкелгім бар. Қызым торт пісіреді. Мұнда оған сұраныс көп болар еді. Депутат Жаңабай Ағабековке алғысым зор. Үйді де алып берді, кафе ашуыма да қолғабыс жасады. Жаңа түскен келініме «Сенің несібең шығар. Осындай үлкен, керемет үй бұйырды. Небәрі 550 мың теңгеге алған баспанамызда барлық жағдай жасалған. Баламның болашағы үшін келген едім. Қазір шүкіршілік етіп отырмын дейді ақ жаулықты ана.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Елім, дейтін ерлер осындай болса керек-ті!
Назгүл НАЗАРБЕКОВА,
Оңтүстік Қазақстан облысы