Мүгедек – бұл тұрмыс-тіршілігі шектеліп, қандай да бір ауруға, жарақатқа, жаралануға байланысты немесе олардың зардабынан денсаулығы нашарлаған адам. Алматы Баспасөз қызметі мүгедектерге қандай жеңілдіктер ұсынылатынын айтты, -деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік оңалту түрлері
"Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау" туралы Заңына сәйкес мүгедектігі бар адамдар абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекшінің қызметтерімен, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
"Инватакси" қызметі
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 1 қарашадағы № 859 бұйрығымен бекітілген "Инватакси" қызметін көрсету қағидаларында көзделген тәртіппен мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы тасымалдау бойынша "Инватакси" қызметін ұсынады. Қағидалардың 32-тармағына сәйкес "Инватакси" қызметі жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес, мүгедектігі бар жұмыс істейтін және білім алатын адамдарға бірінші кезектегі тәртіппен ұсынылады. Мүгедектігі бар басқа адамдарға "Инватакси" қызметі олардың жүгіну тәртібімен ұсынылады.
Қоғамдық көлікте тегін жүру
Алматы қаласы мәслихатының 2015 жылғы 15 қыркүйектегі "Алматы қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жолақы жеңілдігін беру туралы" № 367 шешіміне сәйкес бірінші, екінші топтағы мүгедектерге және он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балаларға Қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) тегін жол жүру мүмкіндігі қарастырылған.
Заңгер және психолог көмегі
Алматы қаласы бойынша Алатау, Әуезов, Алмалы, Бостандық, Медеу, Жетісу, Түркісіб аудандарында "Ten Qogam" мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталықтары жұмыс атқарады. Бұл орталықтарда мүгедектігі бар адамдарға жан-жақты көмектер көрсетіледі. Атап айтсанда, заң қызметі, психологиялық көмектер, әртүрлі тренингтер өткізіледі.
Кресло-коляскаларды жөндеу
2022 жылдан бастап Алматы қаласында кресло-коляскаларды жөндеу және жетекші бөлшектерін ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылуда.
Шипажайға тегін жолдама алу
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз етуге медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі әзірлеген абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Санаторий-курорттық емделу әлеуметтік қызметтерін ұсынуға берілген өтінішке сәйкес абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасының іс-шарасын іске асыру мерзіміне мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.