Экономист Мақсат Халық шетелге заңсыз кеткен активтердің тек 1 пайызы ғана қайтарылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Үкімет өз есебінде 1 триллион теңгеге жуық қаражат қайтарылғанын айтып отыр. Менің ойымша, елден заңсыз шығарылған қаражаттың көлемі 100 триллиондай бар. Қазіргі таңда тек 1 пайызы қайтарылды. Демек, сыртқа заңсыз кеткен активтерді қайтару жұмыстары әлі де жүргізілуі керек. 1 триллион теңгеге жуық қаржы елге қайтқанымен оны халықтың игілігіне жұмыс істете алып жатырмыз ба? Мұны да жіті пысықтауымыз керек деп ойлаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы жолдауында жаңа үлгідегі экономиканы құру керек деп тапсырма берген еді. Алдағы уақытта үкімет еліміз болашақта қандай бағытпен дамиды соны ұсынуға тиіс. Өйткені нақты бағыт әлі айқындалмаған күйде тұр", - деді экономист Мақсат Халық.
Сарапшы үкіметтің шетелден қайтарылған активтерге арнап жеке шот ашқанына келіспейді. Ол қаржы бірден Ұлттық қорға түсуі керек деп есептейді. Өз кезегінде, бұл Ұлттық қор қаржысын 2030 жылға дейін 100 миллиардқа жеткізуге септігін тигізеді.
"Бүгінгі таңда үкімет шетелге заңсыз кеткен активтерді қайтару ісі бойынша арнайы комиссия құрды және қаржы түсетін шот ашты. Алайда оны қарайтын комиссияның құрамын халық білмейді. Жалпы, комиссия құрамында кімдер бар? Бұрын жемқорлыққа қатысы болған ба? Мұның бәрі ашық айтылуы керек. Онымен қоса, арнайы шот ашудың керегі жоқ. Біз ұсыныс ретінде шетелден қайтқан қаражат Ұлттық қорға түсуі керек деп айтып жүрміз. Сонда ғана біз Ұлттық қорымызды тез еселейміз және балаларымызға түсетін инвестициялық кірістің көлемі артады", - деді экономист.
Жасұлан Ордабаев
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!