Қазақстанда шетелге жұмыс істеуге кететін азаматтарды есепке алу тетігін енгізу жоспарланып отыр. Тиісті шара Үкіметтің 2027–2029 жылдарға арналған адам саудасына қарсы күрес жөніндегі жаңа жоспарында қарастырылған, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жоспарды бекіту туралы қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 28 қазанда қол қойды. Құжат өз күшіне енді.
Қазақстандықтар қалай есепке алынады?
Құжатқа сәйкес, 2027 жылдың екінші тоқсанында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелге шығатын Қазақстан азаматтарын есепке алу және мониторингілеу тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Бұл үшін migration.enbek.kz порталында мұндай азаматтарды хабарлама арқылы есепке алу функциясын техникалық іске асыру көзделген. Сонымен қатар билік қазақстандықтарды жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындауы тиіс. Бұл агенттіктер де аталған порталда есепке алынатын болады.
Шаралар еңбек қанауының және адам саудасының алдын алуға бағытталған.
Тағы не өзгереді?
Жоспарда жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен жұмысқа орналастыру жөніндегі делдалдардың қызметіне мониторинг жүргізу, соның ішінде Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер ұйымдастыру қарастырылған.
Сондай-ақ 2027 жылдың бірінші тоқсанында Еңбек министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі шетелге жұмыс істеуге кететін қазақстандықтарды консулдық есепке алудың қолданыстағы тетіктерін талдап, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындауы керек.
Интернеттегі адам саудасына қарсы күреске ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік органдар осындай қылмыстарға ықпал ететін жарнамалық хабарландырулар мен ақпараттық материалдарды қадағалайтын болады. Тексеруден кейін оларға қолжетімділік "Кибербақылау" жүйесі арқылы немесе сот тәртібімен шектелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, мәжбүрлі еңбек пен балалар еңбегінің алдын алу, жаңа туған нәрестелерді сату жағдайларын анықтау, сексуалдық қанауға және қайыршылыққа мәжбүрлеуге қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Адам саудасынан зардап шеккендер үшін дағдарыс орталықтары арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету жалғасады.
Үкімет бекіткен жоспар 2027–2029 жылдарға есептелген барлығы 32 іс-шараны қамтиды.
Бұған дейін Интерпол адам саудасына қарсы күрес бойынша ауқымды халықаралық операцияның нәтижелерін жариялаған болатын. 59 елде өткен арнайы операция барысында құқық қорғаушылар мыңнан аса адамды ұстап, 2 070 зардап шегушіні анықтады. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Интерполдың мәліметінше, қылмыстық желілер адамдарды тарту үшін шетелдегі жалған жұмыс ұсыныстарын жиі пайдаланады. Құрбандарды еңбекке, сексуалдық қанауға және қылмыстық әрекеттерге қатысуға мәжбүрлейді. Атап айтқанда, Бразилияда адамдарды Камбоджаға жіберіп, интернет-алаяқтықпен айналысуға мәжбүрлеген желі әшкереленді.
О. Сансызбай