“Шетелге оқуға түсіріп беремін“. Алматыда оқу орталығының басшысы сотталды

“Шетелге оқуға түсіріп беремін“. Алматыда оқу орталығының басшысы сотталды
Фото: depositphotos.com

Алматыда жұртты алдаған оқу орталығының басшысы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта бірнеше рет алаяқтық  жасады деген айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.  

Мән-жайы

Сот айыпталушы оқу орталығын ұйымдастырып, басқарғанын анықтады. Ол ғаламтордағы үздіксіз жарнама, балаларды шетелдік ЖОО-ға 100% қабылдауға уәде беру, сондай-ақ, Foundation бағдарламасы бойынша тұрғылықты қаладағы орталықта оқыту арқылы 112 азаматты тартып, 168 млн теңгеден аса қаражат жинаған.

Оқу ақысын төлеу үшін ол бөліп төлеу жоспарын немесе қосымша жеңілдіктер мен несиені жылдам өңдеу схемасын ұсынған. Алайда кейін шетелдік оқу да, сертификаттар да берілмегені белгілі болды.

Сот үкімі

Сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Алайда сот сотталушыны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған "Рақымшылық туралы" заңға сәйкес мерзімі қысқартылды, осылайша 5 жыл 7 ай 6 тәулікке бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

112 жәбірленушінің жетеуіне келтірілген шығын ішінара өтелген. Сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 168 млн теңгеден аса сома өндірілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget