• 499.31
  • 490.7
  • 5.62

Шетелге жарты жыл бойы картоп шығарылмайтын болды

Шетелге жарты жыл бойы картоп шығарылмайтын болды
Фото: depositphotos.com

Жарты жыл бойы шетелге елімізден картоп шығарылмайтын болды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың экспортты тыюға қатысты бұйрығы күшіне енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Сыртқы сұраныс артуынан картопты шаруалар биыл экспорттаған тиімді деп шешкен. Пайдасы да көп. Соның кесірінен жыл басталмай жатып-ақ елдегі дүкендерде оның құны шарықтап шыға келді. Шенеуніктер шектеу қоюдан басқа амал қалмады деп отыр. Тыйымға ілікпеген Ресей мен Беларусьте картоп жеткілікті. Керісінше, Қазақстанның батыс өңіріне осы елдерден жеткізіледі. Экспортқа қатысты шектеудің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге қатысы жоқ.

Қазір тұрақтандыру қорындағы көкөністі шығарып, аймақтарда мониторинг тобы құрылғанымен, картоп арзандамай тұр. Тек солтүстік және орталық өңірлерде арзанырақ.

Қызылжар мен Кереку жақта картоп 270 теңге тұрса, Жамбыл облысында 375 теңге, батыстағы Ақтөбе мен Ақтау қалаларында 400 теңгеден асады.

"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге әкетуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағынан барлық көлік түрімен жаңа піскен немесе салқындатылған картоп шығаруға алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - деп жазылған мәліметте.

Бұған дейін не белгілі?

Қазақстанның түрлі өңірлерінде картоптың бағасы екі есеге дейін өсті. Ақтөбеде қаңтардың басында картоптың бір келісі 200 теңгеден асса, кейінгі аптада 388 теңгеге дейін көтерілді. Жетісуда баға 400 теңгеден асып кетті. Ең қымбат картоп Астанада сатылды, келісі - 455 теңге.

Кейінірек бұл мәселеге қатысты Үкімет мәлімдеме жасады.

Сауда және интеграция министрлігі де мәселе бақылауда екенін хабарлады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова