- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- халық саны мәселесі
“Шетелге білімді, білікті мамандар кетіп жатыр“. Журналист дабыл қақты
Белгілі журналист Кәмшат Тасболат әлеуметтік желіде қазақ халқының санына қатысты тың деректерді бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, 7 миллион қазақ шетелде тұрады. Бұл басқа халық саны көп елдермен салыстырғанда назар аудартатын мәселе.
"Қазақстан онсыз да қазақ ұлтының 35-40 пайызы шетелде тұратын елміз. Халық саны 20 млн адамнан асты деп қуанамыз, жоғары мінберлерден айтылған дерек бойынша, бұдан бөлек, әлемде 7 млн қазақ сыртта тұрады. Ресей, Өзбекстанда тұратын қазақтар автохтонды ұлтқа жатады, яғни өз ата-баба жерінде тұрып жатыр. Бұдан бөлек, Қытай, Моңғолия, Түркияда ірі қазақ диаспорасы бар. Енді салыстыру үшін айтайын, Қазақстаннан тыс 7 млн қазақ бар десек, мәселен, Жапонияда 125 млн халық тұрса, шетелде небәрі 5-10 млн жапон тұрады екен, Италияда 65 млн италиян тұрса, шетелде 8-16 млн арасы дейді. Ал Қазақстанда қазақ халқының саны - 14,5 млн болса, шетелде 7 млн қазақтың тұруы тым үлкен көрсеткіш!", - деп жазды журналист.
Сондай-ақ ол елдегі азаматтардың сыртқа кетуіне елдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелер түрткі болып отырғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, бұл - ойланарлық жағдай.
"Егер елден әділдік іздеген, дұрыс жалақы мен адами қарым-қатынас іздеген азаматтар кете берсе, онда Қазақстан Армения сияқты өз халқы үшін Отаннан гөрі бір штаб-пәтерге ұқсас елге айналмай ма екен? Себебі әлемде 10 млн армян ұлты болса, оның небәрі 2,9 млн-ы ғана Арменияда тұрады екен. Бұл өте қиын жағдай. Жалпы, шетелге білімді, білікті мамандар кетіп жатыр. Бізге шұғыл Ресейге қатысты барлық одақтардан шығу керек, теңгені құлдыратып, үй-көлікті, азық-түлікті қымбаттатып тұрған осы қажетсіз ұйымдар ғой", - деп қосты Кәмшат Тасболат.
Айта кетейік, Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 243 981 адамға жеткенін хабарлаған еді. Ведомство 1 қаңтармен салыстырғанда қазақстандықтардың саны 210 139 адамға көбейгенін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин