Шетелдіктерге жер берілмейді - Үкімет басшысы

Шетелдіктерге жер берілмейді - Үкімет басшысы
Фото: Тұрар Қазанғапов

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған жер телімдері шетелдік инвесторларға берілмейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысынан соң журналист премьер-министрге Батыс Қазақстан облысында тұрғындар қытайлықтарға жер беруге қарсылық білдіріп, үндеу жолдап жатқаны туралы сұрақ қойды.

Үкімет басшысы Қазақстанның Жер кодексінде шетелдіктерге немесе шетел компанияларына, сондай-ақ шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істеп жатқан отандық компанияларға ауыл шаруашылығына арналған жерді пайдалануға беруге тыйым салынғанын атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай құқыққа тек Қазақстан халқы ие.

"Сондықтан шетелдіктерге жер беру мәселесі қаралып жатқан жоқ және қаралмайды да. Бұл – біздің нақты ұстанымымыз. Осы жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты пікірін айтқан еді. Шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатыр. Кейбір инвесторлар өздерінің ұсыныстарын айтқан. Бұдан әрі асқан жоқ, яғни ешқандай келісімдер жасалмады", - деді Әлихан Смайылов.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қазақстандықтарды қытайлық инвесторлардан қорықпауға шақырған еді.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz