Шетелдіктердің қазақстандық балмұздаққа сұранысы артқан

Шетелдіктердің қазақстандық балмұздаққа сұранысы артқан
Фото: depositphotos.com

Қазақстандық балмұздақ шетелдіктердің сүйікті тәттісіне айналып келеді. Мұны статистикалық дерек растап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Экспорт 50 есе өскен

QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ мәліметінше, кейінгі тоғыз жылда отандық балмұздақ экспорты 50 есе өскен. 2017 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан шетелге 1,2 миллион доллардың өнімін экспорттаса, 2026 жылғы кезеңде бұл көрсеткіш 59,5 миллион долларға жеткен.

Биыл алғашқы сегіз айда Қазақстан шетелге 15,3 мың тонна балмұздақ экспорттаған.

Қазақстан балмұздағын кімдер сатып алып жатыр?

Мәлімет бойынша қазақстандық балмұздақтың негізгі сатып алушысы - Ресей. Сегіз айда бұл елге 10,7 мың тонна өнім жеткізілген. Оның құны 41,6 миллион доллар болған. Отандық балмұздақ экспортының 70 пайызға жуығы Ресей нарығына тиесілі.

Екінші орында Қырғызстан тұр. Бұл елге 3,4 мың тонна балмұздақ экспортталған, ал құны 11,6 миллион долларға жеткен. Ірі сатып алушылардың үштігіне Өзбекстан да кіреді. Бұл елге 5,1 миллион долларға 965 тонна өнім жеткізілген.

Бұдан бөлек, Тәжікстанға жеткізілген өнім көлемі 3,2 есеге, Әзербайжанға жеткізілген өнім көлемі 2,1 есеге өскен. Сонымен қатар, биыл қазақстандық балмұздақ Грузия нарығына да шыға бастаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget