Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған қазақ балаларымен байланыс орнатып, оларға Қазақстан азаматтығын берді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдады.
"Қазақстанның Бас прокуротурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, арнайы тексеріс жүргізді. Жетім балалармен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынды. Бұл тексерістің және қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы бізге беймәлім. Мысалы, Оңтүстік Африка, Кения Филиппин, Мексика, Мальта сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Біріңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап күтетін сауалдар көп", - деді сенатор.
Дархан Қыдырәлі 20 жыл бұрын жат жұрттың жетегінде кеткен жетім балалар бүгінде есейгенін, олармен байланыс орнату маңызды екенін айтты.
"Мысалы, журналист Жанар Байсемізова жүргізген "Жібек жолы" телеарнасындағы "Шетелдегі қазақ балалар" жобасын тебіренбей көру мүмкін емес. Ата-анасын тапқысы келетін, олар туралы білгісі келетіндер де аз емес. Солардың бірі - Жәнібек. Журналист Олжас Беркінбаевтың айтуынша, Арқалықта 2002 жылы туған баланы (Жәнібекті - еск.) 2004 жылы сондағы балалар үйінен бельгиялық Ирина атты әйел асырап алған. Испаниядағы Майорка аралында тұратын Жәнібек 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстанға өзінің биологиялық анасын іздеп келіп, әлеуметтік желіде үндеу жариялады. Ол "туған әке-шешемнен түк те керек емес, анамның жүзін бір рет көріп, мауқымды бассам жүрегім тынышталады" дейді. Ол анасын таппаған күйі еліне қайтты. Бұл жайт қоғамда үлен резонанс туғызды, әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Журналист Қымбат Досжан зерттеу жүргізді. "Екі күймек бір жанға" деп Абай айтқандай, ата-анасынан айырылып бір күйген, еркінен тыс шетел асып екі күйген, есейгенде тегін таппай қиналып үш күйген мұндай тағдырлар қаншама", - деді сенатор.
Депутат 2013 жылы Қазақстан шетелдіктер асырап алған балалардың құқығын қорғау үшін арнайы конвенцияны ратификациялағанын еске салды.
"Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдіктер 158 баланы асырап алған. Оның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа кеткен. Көрсеткіш күрт төмендегені қуантады. Конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер 8 805 баланы асырап алған. Бүгінде оның 5 217-сі кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылды.
Кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Мысалы, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104 бала, Белгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлде мәлімет жоқ. Талай тағдырдар талқандалған 90 жылдары безбүйректер сатқандардың жарасы жазылар. Ал баланың наласы мен обалы кімге?" - деді депутат.
Сенатор мәселені Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен талқылағанын еске салып, өз ұсынысын жеткізді:
Еске салайық, бұған дейін бельгиялықтар асырап алған бала қазақстандықтарға алғыс айтқаны хабарланды.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз