Полиция Қазақстан аумағында есірткі сатпақ болған шетелдіктен құны 3 миллион теңге болатын гашиш тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көкшетау қаласындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тыйым салынған заттарды өткізді деген күдікпен Тәжікстан Республикасы азаматының заңсыз қызметін тоқтатты.
Шетелдік жұмысқа орналасу мақсатында Қазақстан аумағына келгені анықталды, алайда басты мақсаты есірткіні тек Ақмола өңірінің аумағында емес, көрші облыстарда да тарату болған. Ұстау кезінде жедел қызметкерлер дилерден салмағы 965 грамнан асатын кірпіш түріндегі целлофан пакетін тауып, тәркіледі. Сараптама тәркіленген зат гашиш екенін көрсетті, ал мұндай "кірпіштің" құны 3 миллион теңгеден асады.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезеңінде есірткі сатушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!