- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шетелдік сериалдар мен...
Шетелдік сериалдар мен бағдарламаларға заң жүзінде шектеу қойылады
2017 жылдан бастап шетелдік сериалдар мен бағдарламаларға заң жүзінде шектеулер қойылады. Бұл туралы бүгін еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов мәлімдеді.
Мәжілісте өткен жиында депутаттар алдағы үш жылды қамтитын республикалық бюджетті талқылау барысында көршілерден келетін телеөнімдер мәселесін көтерді.
Депутат Фахриддин Қаратаевтың айтуынша, көгілдір экрандарда менталитетімізге әсер ететін туындылар қаптап кеткен. Оларды қадағалау бойынша жұмыстар қажетті деңгейде емес.
Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Отандық телехикаяларға немесе жасөспірімдерді патриоттық сезімге бөлейтін бағдарламалардың жоқтығы ма, немесе бюджеттен бөлінетін қаражаттың аздығы ма?
Жанат Қожахметов, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы:
- Расымен де, отандық телехикаяларға қатысты мұндай проблема бар. Қазір министрлік бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр. Жоспардағы заң жобасында шетелдік телеарналардан келетін түрлі өнімге шектеу қою қарастырылған. Ал қаржы жағына келетін болсақ, 2017 жылға арналған бюджетте «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының базасында 81 отандық телехикая мен 17 деректі фильм түсіру қарастырылған.
Дереккөз: "Хабар" арнасы
Y. Almabek